ПЕДАГОГ КАДРЛАРҒА ҚАЖЕТТІЛІК ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ КӨП?

Қазақстанның білім беру жүйесіндегі кадрлық тапшылық мәселесі бүгінгі таңда стратегиялық маңызға ие болып отыр. Өйткені Оқу-ағарту министрлігі ұсынған Ұлттық бірыңғай деректер қорының соңғы мәліметтері елімізде 5 370 педагог маманының жетіспейтінін айқын көрсетті.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, кадр тапшылығының географиясы әртүрлі факторларға байланысты өзгереді. Мәселен, Алматы облысындағы 544 бос орын мен Алматы қаласындағы 431 орын демографиялық өсім мен урбанизация қарқынының жоғары екенін аңғартса, Қарағанды (524), Қостанай (351) және Атырау (431) облыстарындағы жетіспеушілік өндірістік аймақтардағы халықтың қоныс аударуымен немесе еңбек нарығындағы бәсекелестікпен байланысты болуы мүмкін.
Пәндік тұрғыдан алғанда, ең үлкен соққы жаратылыстану-математикалық бағытқа тиіп отыр. Тарқатсақ, математика пәні бойынша 1061 маманның, физикадан 383 және химиядан 345 мұғалімнің тапшылығы — бұл елдің технологиялық және инновациялық даму болашағына төнген үлкен сын, себебі іргелі ғылымдардың негізі мектеп қабырғасында қаланады. Сонымен қатар бастауыш сыныптардағы 747 бос орын білім берудің алғашқы сатысында-ақ жүйелі қиындықтардың бар екенін, жас ұрпақтың базалық сауаттылығына жауапты мамандардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Министрлік түсіндіргендей, бұл тапшылықтың себептері тек жүйелі емес, сонымен қатар табиғи әлеуметтік процестермен, яғни тұрғылықты жерді ауыстыру, бала күтіміне байланысты демалыс, зейнетке шығу немесе шетелдік тағылымдамалар сияқты ағымдағы факторлармен де байланысты. Алайда бұл жағдай педагогикалық мамандықтардың тартымдылығын арттыру, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету және еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін кешенді түрде шешуді талап етеді.
Егер математика мен физика сияқты маңызды пәндер бойынша бос орындар дер кезінде толтырылмаса, бұл ұзақ мерзімді кезеңде оқушылардың білім сапасының төмендеуіне және кадрлық әлеуеттің әлсіреуіне әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер дер кезінде шешімін табуы тиіс. Әйтпегенде өзге емес, өзіміз ұтыламыз…