КҮРІШ АЛҚАПТАРЫ ҚЫСҚАРДЫ

бастама бағаны құбылтып жібермей ме?
Үкімет отырысында Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров республикада суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістіктерін оңтайландыру жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, су пайдалану лимиттеріне сәйкес биыл күріш алқаптары 20,2 мың гектарға қысқартылған. Бұл қадам ең алдымен су тапшылығы тәуекелдерін азайтуға және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтарда су көлемінің құбылмалы болуы ауыл шаруашылығы саласына елеулі әсер етіп отыр. Сондықтан егіс құрылымын қайта қарау – уақыт талабы. Сонымен қатар мақта шаруашылығында да құрылымдық өзгерістер енгізілмек. Жалпы мақта егістігінің көлемі 162,4 мың гектарды құрайды. Алайда мұнда басты назар су үнемдеу технологияларына аударылып отыр. Атап айтқанда, тамшылатып суару әдісі қолданылатын алқаптар 29,8 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Керісінше, дәстүрлі суару тәсілдері пайдаланылатын аумақ 12 мың гектарға қысқарады.
Жалпы тамшылатып суару технологиясы суды 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бұл әдіс топырақтың тұздануын азайтып, өнім сапасын арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, мақта секілді экспорттық әлеуеті жоғары дақыл үшін заманауи агротехнологияларды енгізу экономикалық тұрғыдан да тиімді. Министрлік дерегінше, егіс алқаптарының жаңартылған құрылымы ішкі нарықты қажетті көлемдегі өніммен қамтамасыз етуге жеткілікті болады. Яғни күріш көлемінің қысқаруы азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді. Бұл ретте басымдық су ресурстарын теңгерімді бөлу мен аграрлық өндірісті әртараптандыруға беріліп отыр.
Үкіметке 2026 жылға арналған егіс құрылымын және әртараптандыру бойынша жаңа индикаторларды бекіту ұсынылды. Бұл көрсеткіштер аймақтардың табиғи-климаттық ерекшеліктерін, су лимиттерін және нарық сұранысын ескере отырып қалыптастырылмақ. Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер ауыл шаруашылығын экстенсивті емес, интенсивті даму жолына көшіруге бағытталған. Су үнемдеу технологияларын кеңейту, дақыл құрылымын оңтайландыру және өнімділікті арттыру – алдағы жылдары аграрлық саясаттың негізгі өзегіне айналмақ.




