ЖАҢА СӘУЛЕТТІК ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар талқыланды. Кеңес жұмысына салалық басқарма басшылары, жауапты мекемелердің өкілдері мен инвесторлар қатысып, ұсынылған жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы мен өңірлік даму стратегиясына сәйкестігі жан-жақты сарапталды.
Мәжіліс барысында облыс әкімі әрбір жобаны егжей-тегжейлі қарастырып, сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Өңір басшысы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларға қолдау бар екенін атап өтті. Дегенмен барлық жоба жауапты басқармалар мен тиісті мамандардың сараптауынан өтуі тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде басталмаған жағдайда жер телімдері мемлекетке қайтарылатынын қатаң айтты. Бұл талап инвестициялық тәртіпті күшейтіп, жер ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған. Кеңесте аудандардың сәулетін жақсарту, абаттандыру және қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Облыс әкімі мұндай ұсыныстарды терең талдап, оларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды тапсырды. Оның айтуынша, сәулеттік шешімдер тек әдемілік үшін емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс.
Күн тәртібіне өңірдің сәулеттік келбетін дамытуға қатысты 13 мәселе шығарылды. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданындағы көшелерді абаттандыру және «Рамадан» каналы бойын көріктендіру жобалары қаралды. Сонымен қатар Көктерек кентінің даму концепциясы мен санаторий орталығын салу жобасы таныстырылды. Бұл бастамалар аудан инфрақұрылымын жаңғыртып, туризм мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытталған. Отырар ауданына қатысты жобалар кеңесте ерекше қаралды. Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту және инвестор есебінен салынуы жоспарланған кешенді жобалар ұсынылды. Соның ішінде Отырар қалашығын орта ғасырлық үлгіде қайта жаңғыртып, туристік нысанға айналдыру жобасы таныстырылды. Бұл бастама тарихи мұраны сақтай отырып, ішкі және сыртқы туристерді тартуға мүмкіндік береді.
Тағы бір инвестор Отырар ауданында ерекше туристік жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді. Жоба аясында шөлдегі қонақүй, қабылдау орталығы, шығыс моншасы салу, сондай-ақ ежелгі Отырар кітапханасы туралы аңызды жаңғыртып, кітапхана мен мұражай тұрғызу көзделген. Бұған қоса арнайы туристік орталық ұйымдастыру және Отырар мен Сауран арасында саяхатшыларға арналған түйе керуенін жолға қою жоспары ұсынылды. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың бастама ретінде зерделеніп, оны жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Кеңес барысында Түркістан қаласына қатысты бірқатар ірі жобалар да қаралды. Атап айтқанда, «Жаңа қала» аумағында салынатын ресторандар, кеңсе ғимараттары, ресторан кешені мен қонақүй жобалары, медициналық туризм нысаны назарға алынды. Сонымен бірге Түркістан қаласында «қала ішіндегі қала» форматындағы кешенді даму ұсынысы таныстырылды. Бұл жоба қалалық кеңістікті тиімді пайдалануға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Оған қоса Түркістандағы теміржол вокзалы аумағын абаттандыру және ХХ ғасырға тиесілі көне ғимараттарды ретке келтіріп, оларды туристік орталықтарға айналдыру мәселесі талқыланды. Мұндай бастамалар қаланың тарихи келбетін сақтап, туристер үшін тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов, «Turan» арнайы экономикалық аймағы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жасұлан Төлебаев ұсынылған жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді. Олар жобалардың инвестициялық әлеуеті мен қала және өңір инфрақұрылымына тигізетін ықпалына тоқталды. Сонымен қатар Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев баяндама жасап, қалалық кеңістікті кешенді дамытуға қатысты ұсыныстарын таныстырды. Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір жоба бойынша нақты тапсырмалар берді. Ол сәулеттік талаптардың қатаң сақталуына, заманауи шешімдер мен ұлттық нақыштың үйлесуіне және тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, сәулеттік жобалар өңірдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етіп, экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылыққа негіз болуы тиіс.




