БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ МОЛ

Қазіргі таңда білім беру жүйесі цифрлық эволюцияның ең қарқынды өзгеретін салаларының бірі болып отыр. Әсіресе, жасанды интеллект технологияларының дамуы педагогика әлеміне жаңа серпін, тың мүмкіндіктер әкелді. Мұндай өзгерістер оқыту әдістемесін жетілдіруді талап етеді. Сонымен қатар технология дамыған сайын адалдық, этика, жауапкершілік құндылықтарының маңызы арта түседі. Осы мәселелерді талқылауға бағытталған қалалық семинар Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №122 жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылып, «Жасанды интеллект пен адамгершілік: адалдықтың жаңа өлшемі» тақырыбында өтті.

Семинарға бастауыш сынып, физика, алгебра, информатика және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысып, цифрлық құралдарды оқу үдерісіне тиімді енгізудің жолдарын жан-жақты қарастырды. Қатысушылар білім беру практикасындағы жасанды интеллектінің рөлі, оның артықшылықтары мен ықтимал қауіптері жөнінде пікір алмасып, жаңа технологиялар жағдайында педагогтің кәсіби позициясы қандай болуы тиіс деген маңызды сауалға жауап іздеді. Жасанды интеллект — ақпаратты талдау, материалды құрылымдау, оқу контентін бейімдеу сияқты көптеген міндеттерді жеңілдететін қуатты құрал. Дегенмен технологияның артықшылығы тек тиімділікпен өлшенбейді. Семинар барысында педагогтер жасанды интеллект қолданудағы адамгершілік нормалардың маңызын ерекше атап өтті. Қазіргі оқушылар үшін тапсырмаларды автоматты түрде орындау мүмкіндігі қолжетімді болғандықтан, академиялық адалдық мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Мұғалімдер бұл құбылысты тежеу емес, дұрыс бағыттау арқылы шешуге болатынын атап көрсетті. Яғни оқушыға құралды ақпараттық көмек үшін пайдалануды үйретіп, ал жеке ойлау, талдау, шығармашылық қабілеттерін міндетті түрде дамыту қажет.
Іс-шара барысында мұғалімдер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіре отырып, жаңа әдістердің тиімділігін талқылады. Информатика пәнінің ұстаздары нейрожелілерді оқу жобаларында қолдану жолдарын таныстырса, ағылшын тілі мұғалімдері жасанды интеллект арқылы тілдік практиканы жандандыру үлгілерін көрсетті. Ал бастауыш сынып педагогтері дербес оқыту траекториясын құруда жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін ортаға салды. Семинардың мазмұнды бөлімдерінің бірі педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған шеберлік сабақтары болды. Мұнда қатысушылар цифрлық этиканың қағидаттарын, жеке деректерді қорғау талаптарын, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру жолдарын талдады. Технологияны дұрыс қолдану оқыту сапасын арттырса да, адами құндылықтарды алмастыра алмайтыны түсіндірілді. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану барысында мұғалімнің жетекшілік рөлі, тұлғалық әсері, этикалық мәдениеті айрықша маңызды екені атап өтілді.
Семинар қорытындысында қатысушылар жасанды интеллекттің педагогикадағы орны туралы ортақ пікірге келді. Бұл технология – заманауи білім беру жүйесінің табысты дамуына әсер ететін құнды ресурс. Алайда оның мүмкіндіктерін тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану үшін мұғалімдер мен оқушылар бірдей деңгейде цифрлық мәдениет пен адалдық қағидаларын меңгеруі қажет. №122 мектеп базасында өткен бұл семинар мұғалімдерге тың идеялар мен өзекті тәжірибелермен бөлісуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жасанды интеллект дәуірінде адамгершілік қалыптарын сақтау мәселесін кеңінен талқылаудың маңызды алаңына айналды. Осындай іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа әдістемелерді меңгеруіне, әрі цифрлық қоғам талаптарына сай білім беру процесін жетілдіруге ықпал ете береді.