АВТОЛИЗИНГТІҢ АВТОНЕСИЕДЕН НЕСІ АРТЫҚ?

Қазақстанда көлік сатып алу процесін жеңілдетуге бағытталған жаңа қаржылық тетік — автолизинг механизміне қызығушылық артып келеді. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев автолизингтің қазақстандықтар үшін неліктен тиімді екенін түсіндірді. Ал «ForteLeasing» акционерлік қоғамы алғашқы пилоттық жобаның өткенін мәлімдеп, нарықтағы жаңа бағыттың нақты іске асырыла бастағанын көрсетті.

Азамат Панбаевтың айтуынша, автолизингтің басты ерекшелігі – көлік мүлкі лизинг алушыға емес, лизинг компаниясына тиесілі болып қала береді. Бұл көлік толық өтелгенше жалғасады. Яғни лизинг алушы көлікті пайдаланады, бірақ оның құқықтық иесі ретінде лизинг компаниясы қала береді. Мұндай модель халықаралық нарықта кең таралған және тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Автолизингтің қазақстандықтар үшін тағы бір тиімді тұсы – клиенттің несие тарихына ықпалының аздығы. Лизинг келісімшарты несие тарихына толық көлемде енгізілмейді. Бұл азаматтарға басқа мақсаттарға несие алу кезінде артық ауыртпалық түсірмейді. Бұл — әсіресе ипотека немесе ірі тұтынушылық несие алуды жоспарлап жүрген адамдар үшін маңызды фактор. Сонымен қатар автолизинг көлікті икемді түрде басқаруға мүмкіндік береді. Мысалы, лизинг алушы қолданыстағы көлігін лизинг компаниясына барып, шарттарын қайта қарап, басқа көлікке ауыстыра алады. Бұл ұтымды және еркін балама саналады, өйткені көптеген азаматтар көлік моделін жиі жаңартуды қалайды.
«ForteLeasing» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Саят Үрпежанов автолизинг бойынша алғашқы пилоттық жоба сәтті іске асқанын айтты. Жоба «Allur Group» компаниясымен серіктестік аясында өткізілген. Бұл — еліміз бойынша азаматтарға арналған бірінші тәжірибелік жоба. Пилоттық лизинг шарттары заңды тұлғаларға арналған дәстүрлі лизинг келісімшарттарымен бірдей деңгейде болған. Яғни бастапқы жарна – 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 15 пайыз, лизинг мерзімі – 3 жыл. Бұл – қазақстандық нарық үшін оптималды әрі қолжетімді деп саналатын шарттар. Сонымен қатар, компания халықаралық тәжірибені меңгергенін атап өтті. Кейбір елдерде автолизинг бастапқы жарнасыз да беріледі, ал пайыздық мөлшерлемелері әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Демек Қазақстандағы автолизинг моделі әлі де жетілдіріледі және бәсекеге қабілетті бола түсу ықтималдығы жоғары. Саят Үрпежановтың айтуынша, жобаны дамытуға қатысты көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Олардың барлығы Үкімет және салалық қауымдастықтармен бірге талқыланып, нақты шешімдер қабылданады.
Автолизингтің дамуы автомобиль паркін жаңартуға, экологиялық таза және қауіпсіз көліктердің көбеюіне ықпал етеді. Қазақстанда автонесиелеу нарығының шектеулері бар. Олардың қатарына жоғары пайыздар, банктердің талаптары, несие тарихына қатаң бақылау кіреді. Осы себепті лизинг жаңа балама ретінде пайда болып отыр. Дамыған елдерде автолизинг үлесі автокөлік қаржыландырудың 40-70 пайызына дейін жетеді. Лизингтің танымал болуының себебі – оның қолжетімділігі, икемділігі және қаржылық жүктемені азайтуы. Қазақстанда бұл жүйе енді дамып келе жатса да, нарықтық сұраныс жоғары. Қазіргі пилоттық жобаның нәтижесі көрсеткендей, азаматтар тарапынан қызығушылық бар, ал ұсыныстар көптеп түсуі нарықтың белсенділігін дәлелдейді. Алдағы жылдары бастапқы жарнаны төмендету, пайыздық мөлшерлемені жеңілдету, төлем мерзімін ұлғайту, онлайн өтінім механизмдерін енгізу, сақтандыру шарттарын оңтайландыру сияқты бағыттарда жаңартулар енгізілуі мүмкін. Автолизингті дамыту тек қаржылық ұйымдардың міндеті емес. Үкіметтің де рөлі маңызды. Лизингтік жобаларды құқықтық тұрғыдан реттеу, саланың ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушылар мүддесін қорғау – негізгі бағыттар. Сонымен қатар отандық автосалондармен бірлесіп, жеңілдетілген бағдарламалар құру автолизингтің қолжетімділігін арттырады. Жекеменшік сектор үшін автолизинг – табысты бизнес үлгісі. Компаниялар клиенттік базаны кеңейтіп, нарықта ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізе алады.
Қорыта айтсақ, Қазақстандағы автолизинг нарығы жаңа кезеңге қадам басты. Автонесиелеу механизмінің баламасы ретінде лизинг азаматтарға тиімді әрі икемді шарттар ұсына алады. Азамат Панбаев пен Саят Үрпежанов ұсынған мәліметтер автолизингтің көпшілік үшін қолжетімді болуға бастайтын алғашқы нақты қадамдардың жасалғанын көрсетіп отыр. Пилоттық жобаның нәтижесі, нарыққа қызығушылықтың артуы және халықаралық тәжірибені енгізу жоспарлары автолизингтің алдағы жылдары кеңейетінін білдіреді. Бұл қазақстандықтардың автокөлікке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, көлік паркінің сапасын жоғары деңгейге жеткізуге ықпал етпек.

«Уақыт».