ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАПСЫРМА ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТАДЫ

Қазіргі қоғамның дамуы мен күрделі ақпараттық орта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай, Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында 7-10 сынып оқушылары арасында «Полиция және балалар – қауіпсіздік үшін бірге» тақырыбында бірыңғай мазмұндама жазу жұмысы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара – жасөспірімдердің құқықтық санасын көтеруге, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.
Жалпы мазмұндама жұмысының негізгі мақсаты – оқушыларға полиция қызметінің қоғамдағы орны мен міндетін жан-жақты түсіндіру. Полиция – қоғамдық тәртіптің сақшысы, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуына жауапты органдардың бірі. Оқушылар осы мазмұндама жазу арқылы құқық қорғау қызметкерлерінің еңбегіне баға беріп қана қоймай, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін де түсінді. Сонымен қатар бұл жұмыс оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, түрлі өмірлік жағдайларда қауіпсіздік ережелерін дұрыс қолдануға үйретуге бағытталды. Жасөспірімдердің сыни ойлау қабілетін, ой қорытып, байланыстыра жазу дағдысын және өз ойын сауатты жеткізу қабілетін дамыту мазмұндаманың тағы бір өзекті міндеті болды. Жазба жұмысының тақырыбында көрсетілгендей, қауіпсіз қоғам құруда полиция мен балалардың өзара ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады. Полиция қызметкерлері құқықтық тәртіпті сақтау үшін жұмыс істесе, балалар да өз тарапынан қоғамның қауіпсіз мүшесі болуға тиіс. Мектептегі тәрбие жұмыстары жастардың жауапкершілігін арттыруға, қоғамдағы әр адамның рөліне дұрыс көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
Бірыңғай мазмұндама жазу жұмысы оқушылардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, олардың ойлау мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Құқықтық тәрбие – тек заңдарды білу емес, сонымен бірге өз құқығын қорғау, басқаның құқығын құрметтеу, қоғамдағы нормаларды сақтау сияқты құндылықтарды бойға сіңіру. Оқушылар бұл тапсырма арқылы өз ойын жүйелі баяндау, ақпаратты талдап, қорытынды жасау, нақты өмірлік мысалдар келтіру, қауіпсіздік мәдениетін түсіндіру сияқты дағдыларын жетілдірді. Сонымен бірге жазба жұмысы мектеп пен құқық қорғау саласының байланысын нығайтуға, балалардың полиция қызметіне деген көзқарасын жақсартуға да ықпал етті. Бұл жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы артып, өз ортасында қауіпсіздікке үлес қоса алатын белсенді азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді.




