«АБАЙ – ӨМІР МЕКТЕБІ» ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №99 мектеп-гимназиясы – білім сапасымен, ұлттық құндылықтарды дәріптеуімен ерекшеленетін білім ордасы. Биыл гимназия 20 жылдық мерейтойын атап өтіп, осы жылдар ішінде қалыптасқан өзіндік дәстүрі мен педагогикалық тәжірибесін көпшілікке таныстыру мақсатында тағылымды семинар ұйымдастырды. Шара Абай Құнанбайұлының кемеңгерлік мұрасына арналуымен де ерекше мәнге ие болды.

Ұлы ойшылдың шығармалары – қазақ руханиятының темірқазығы. Оның қара сөздері мен өлеңдеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, кемелдік жайлы идеялар бүгінгі білім беру жүйесінің құндылықтарымен үндес келеді. Сондықтан семинардың негізгі мақсаты – Абай өсиеттерін жас ұрпақ санасына терең сіңіру, мектеп-гимназияның қалыптасқан тәжірибесін көрсету және педагогтер арасындағы үздік әдістемелерді тарату болды. Шара барысында қатысушылар назарына екі маңызды бағыт ұсынылды. Соның бірі – «Абай – өмір мектебі» атты шеберлік сабағы. Бұл сабақта ұстаздар Абайдың дүниетанымын қазіргі жас буын тәрбиесімен байланыстырып, ақынның шығармаларына жаңаша көзқарас ұсынды. Шеберлік сабағы барысында өлеңдер мен қара сөздердің тәрбиелік мәні, тұлғалық дамуға әсері, мектептегі оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау жолдары талқыланды. Мұғалімдер Абай ілімінің балалардың дүниетанымын кеңейтуге, адамдық қасиетке тәрбиелеуге және сыни ойлау дағдыларын қалыптастыруға зор ықпал ететінін айтты.
Семинардың келесі маңызды бөлігі – «Жасанды интеллект адамның шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды» атты пікірталас алаңы болды. Қазіргі заман – технологиялардың қарқынды дамыған кезеңі. Жасанды интеллект күнделікті өмірдің көптеген саласына еніп, жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр. Дегенмен пікірталас барысында педагогтер жасанды интеллект шығармашылықты толықтай алмастыра алмайтынын, адамның ойлау ерекшелігі, қиялы, шабыт пен эстетикалық сезімі – технологиядан әлдеқайда жоғары тұрғанын атап өтті. Қатысушылар жасанды интеллектіні шығармашылық үдерісті қолдайтын құрал ретінде қарастырудың маңызын айтты. Мұндай пікірталастар мұғалімдердің заман ағымынан қалыс қалмай, цифрлық құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
№99 мектеп-гимназиясының 20 жылдық дамуы да шарада кеңінен таныстырылды. Білім ордасы жылдар бойы ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуды, инновациялық білім беруді және дарынды оқушыларды қолдауды басты мақсат етіп келеді. Гимназияның оқыту жүйесі оқушыны тек академиялық біліммен қаруландырып қана қоймай, ұлттық болмыс пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Семинар соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, жаңа идеялар мен әдістемелік тәсілдер жайлы ойларымен бөлісті. Мұндай кәсіби диалог педагогтерге тәжірибелерін жетілдіруге, білім беру сапасын арттыруға және жаңа көзқарастар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Семинар әр мұғалім үшін рухани да, кәсіби де серпіліс сыйлаған маңызды алаң болды. №99 мектеп-гимназиясында өткен тағылымды шара – Абай мұрасының білім беру жүйесіндегі маңызын қайта жаңғыртып қана қоймай, заманауи педагогика мен адами құндылықтардың үндестігін паш еткен игі бастама ретінде бағаланды.