ПЕДАГОГТАР ОҚУШЫЛАРҒА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРДІ

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың академиялық жетістіктерін әділ, нақты және жан-жақты бағалау — сапалы білімнің негізгі көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі — оқу үдерісінің тиімділігін айқындайтын, оқушының пәндік құзыреттілігін кешенді бағалайтын маңызды ұлттық механизм. Мониторингке сәйкес, сапалы дайындық пен оның мазмұнын түсіну – тек оқушы үшін ғана емес, педагогтер мен ата-аналар үшін де стратегиялық мәнге ие.

Осы орайда, Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде 9-сынып оқушыларына арналған ББЖМ-ге дайындық бойынша ақпараттық-түсіндіру семинары осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын мысалы бола алады. Іс-шара директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Пернегүл Жақсылыққызының жетекшілігімен өтіп, оқушыларға мониторингтің мәні, форматы, құрылымы және оған тиімді дайындалу тәсілдері жайында жан-жақты ақпарат ұсынылды. Семинардың негізгі мақсаты — оқушылардың ББЖМ туралы толыққанды түсінік қалыптастыруы, мониторинг форматын нақты білуі және дайындықты жүйелі ұйымдастыру дағдыларын игеруі. ББЖМ-ның тек бақылау құралы емес, ол оқу сапасының көрсеткіші, білім алушының даму динамикасын айқындайтын аналитикалық құрал екенін оқушыларға түсіндіру семинардың басты міндеттерінің бірі болды. Дұрыс түсіндірілген мониторинг оқушыларға өз білім деңгейін бағалауға, әлсіз тұстарын анықтауға және оқу стратегиясын құруға мүмкіндік береді.
Семинарды ашқан директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Пернегүл Жақсылыққызы білім жетістіктерінің мониторингінің құрылымдық элементтерін таныстырып, оның бағалау жүйесіндегі рөлін терең талдап берді. ББЖМ-де қолданылатын тапсырмалар түрі, олардың пәндік және функционалдық сауаттылықты бағалаудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар мониторингтің білім сапасын көтерілуіне әсер ететін факторларды түсіндіріп, оқушының жеке даму траекториясын қалыптастырудағы маңызын көрсетті. Мұндай мазмұндық талдау оқушыларға ғана емес, педагогикалық ұжымға да бағыт-бағдар беретін құнды ақпарат саналады. Семинар барысында 9-сынып оқушыларына «Үздік аттестатқа» үміткер болудың критерийлері, оқу жетістіктерін бағалау нормалары және нормативтік-құқықтық талаптар туралы нақты, ресми мәлімет ұсынылды. Бұл ақпарат жасөспірімдерге оқу барысында мақсат қоюға, өзін-өзі басқару дағдыларын жетілдіруге және оқу мотивациясын арттыруға көмектеседі. Оқушының болашақ оқу бағытын таңдауда да аталған мәліметтердің рөлі зор, өйткені үздік аттестатқа үміткер болу – тек үлгерім көрсеткіші емес, оқушының жауапкершілігін, тұрақтылығын көрсететін маңызды фактор.
Пән мұғалімдерінің қатысуы семинардың мазмұнын практикалық тұрғыдан байытты. Химия пәнінің мұғалімі Саният Бейсенова химиялық есептердің ББЖМ-де жиі кездесетін түрлерін, оларды шешу алгоритмдерін, реакция теңдеулерін дұрыс жазу әдістерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ойлау жүйесін дамыту оқушының тек пәндік емес, логикалық ойлауын да жетілдіретіні атап өтілді. Сонымен бірге тиімді дайындық әдістері — формулаларды жүйелеу, есептерді топтастыру, реакция типтерін салыстыру сияқты тәсілдер ұсынылды. Математика мұғалімі Жайсан Құдайбергенова қысқаша көбейту формулаларын тиімді қолданудың маңызын, ББЖМ-де жиі кездесетін есеп типтерін және оларды жылдам шешу әдістерін талдады. Математика бойынша ұсынылған әдістемелер оқушылардың шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, тапсырмаларды орындау кезінде қателіктерді азайтуға бағытталды. Ал физика пәнінің мұғалімі Лейла Қалдықараева физикалық формулаларды тиімді пайдалану тәсілдерін, есеп шығаруда кездесетін негізгі қиындықтарды және оларды жеңудің жолдарын көрсетті. Физика — абстрактілі ұғымдарға негізделетін ғылым болғандықтан, оқушылардың жан-жақты ойлауын дамыту, формулаларды түсіну және байланыстарды анықтау маңызды екені атап өтілді. Практикалық есептерді шешудегі алгоритмдік әдістер, графикалық тапсырмаларды орындау және өлшем бірліктерімен жұмыс істеу бойынша нақты нұсқаулық берілді.
Семинардың ерекше бөлімдерінің бірі — мектеп психологы Нұргүл Байсейітованың емтихан алдындағы психологиялық тепе-теңдікті сақтау жөніндегі дәрісі болды. Қобалжу, қорқыныш, агрессияның алдын алу, өз-өзіне сенімділікті арттыру, эмоцияларды басқару — кез келген бақылау жұмысына дайындалудың ажырамас бөлігі. Психолог емтихан алдындағы күйзелісті жеңілдетудің ғылыми дәлелденген әдістерін ұсынып, тыныс алу жаттығуларын, позитивті ойлау техникасын, уақытты жоспарлау тәсілдерін түсіндірді. Емтиханға психологиялық дайындық — оқушының нәтижесіне тікелей әсер ететін маңызды фактор екені тағы да дәлелденді. Семинар соңында директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Пернегүл Жақсылыққызы оқушылардың дайындық жоспарын құрудағы негізгі бағыттарды айқындап, пәндік білімді жүйелеу, күнделікті қайталау, уақытты тиімді басқару, тапсырма түрлерін меңгеру сияқты маңызды тұстарды атап өтті. Қорытындылай келе, Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейіндегі ББЖМ-ге дайындық семинары — білім сапасын арттырудың тиімді моделі. Ол пәндік білімді, функционалдық сауаттылықты, психологиялық тұрақтылықты және өзін-өзі басқару дағдыларын қамтитын кешенді дайындық жүйесін қалыптастырады. Мұндай жүйелі жұмыс оқушылардың мониторинг нәтижесіне ғана емес, олардың жалпы оқу мәдениетінің қалыптасуына, болашаққа деген сеніміне және өзін-өзі дамыту қабілетіне зор әсер етеді.