ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Шымкент қаласында өткен «Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа парадигмалары: бастауыш буынға жаңа қадам» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы білім беру саласындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде ерекше атап өтілді. Шымкент қалалық білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара білім беру мазмұнының жаңғыруы, жаңа педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің тиімді енгізілуі бойынша өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң болды. Конференцияға еліміздің әртүрлі аймақтарынан, атап айтқанда, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан білім саласының өкілдері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – білім беру үрдісін жаңғырту, бастауыш буындағы оқыту мен тәрбиелеу саласындағы заманауи өзгерістер мен жаңашылдықтарды талқылау болды. Қазіргі таңда білім беру саласындағы реформалар мен өзгерістер әрбір мұғалімнің тәжірибесіне, оқыту процесіне тікелей әсер ететіндігі белгілі. Осыған орай, конференцияның ұйымдастырушысы Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығының бөлім басшысы Жарқынай Арысбаева атап өткендей, бұл республикалық шара жылдық жұмыс жоспарына енгізілген және педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға, білім беру сапасын жаңартуға бағытталған. Шымкент қаласы білім басқармасының Әдістемелік орталығы, сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ өкілдері, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген білім басқармаларының әдіскерлері мен бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, білім беру жүйесіндегі түрлі мәселелерді талқылады. Конференцияның жұмысы теориялық және тәжірибелік бағытта өткізіліп, бастауыш сынып мұғалімдері мен білім саласының сарапшылары арасында тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болды. Бұл жиынның басты ерекшелігі – ғылыми қауымдастық пен практик мұғалімдердің бірігіп жұмыс істеуіне мүмкіндік берілуі. Мұғалімдер өзара пікір алмасып, заманауи білім беру жүйесіндегі түрлі әдіс-тәсілдерді қалай тиімді пайдалану керектігі жөнінде нақты ұсыныстар айтты.
Конференцияның негізгі тақырыптарының бірі – білім берудегі жаңа инновациялық бағыттар мен креативті тәсілдер. Білім беру жүйесін жаңарту процесі барысында инновация мен креативтілік маңызды рөл атқарады, себебі олар оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ заманауи талаптарға сай білім беру процесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осы тақырып бойынша талқыланған басты мәселелердің бірі – білім берудің жаңашыл тәсілдерін қолдану арқылы оқушының шығармашылық потенциалын арттыру. Инновациялық технологиялардың қолданылуы, оның ішінде цифрлық құралдар мен платформаларды пайдалану, оқытудың сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз. Заманауи технологиялардың көмегімен бастауыш сынып оқушыларының қызығушылықтарын арттыруға, олардың білімге деген ынтасын күшейтуге болады. Сонымен қатар креативті әдіс-тәсілдер арқылы мұғалімдер оқу процесін тек ақыл-ойды дамытуға ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның қалыптасуына бағыттайды.
Конференцияның екінші негізгі тақырыбы – «Заманауи білім – тиімді әдіс пен ұлттық құндылықтардың көрінісі». Бұл бағытта білім беру мазмұнын жаңарту, оқыту әдіс-тәсілдерін ұлттың мәдениеті мен дәстүрлеріне сәйкестендіру мәселелері талқыланды. Қазақстанның білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды сақтау, сондай-ақ оны оқушылардың санасына сіңіру маңызды міндет болып отыр. Мұғалімдер ұлттық құндылықтарды оқушыларға жеткізудің түрлі әдістері мен тәсілдерін талқылап, әрбір оқушының мәдени тұрғыдан бай тұлға болып қалыптасуына қалай ықпал етуге болатыны жөнінде ой бөлісті. Бастауыш сынып мұғалімдері үшін бұл мәселе өте өзекті, өйткені балалардың негізгі тұлғалық қасиеттері мен дүниетанымдары дәл осы кезеңде қалыптасады. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді оқыту барысында білім беру жүйесі де ұлттық идеологиямен үндес болуы қажет.
Үшінші маңызды тақырып – «Сабақты зерттеу: проблема және шешім» болды. Мұнда ұстаздар бастауыш сыныптағы оқу үдерісінде кездесетін мәселелер мен олардың шешу жолдарын қарастырды. Әсіресе, сабақты зерттеу тәсілі оқу үдерісінде мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы кері байланысты жақсарту, оқушының білім деңгейін бақылау, оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін өте тиімді әдіс саналады. Бұл тәсіл мұғалімдерге әрбір сабақты талдай отырып, өз тәжірибесін жақсартуға мүмкіндік береді. Конференцияның келесі маңызды тақырыбы – «Бастауыш мектептегі функционалдық сауаттылық: теориядан практикаға» болды. Функционалдық сауаттылық – бұл тек білім алу ғана емес, сонымен қатар алған білімді өмірде қолдану қабілетін дамытуға бағытталған дағдылар жүйесі. Бастауыш сыныпта балаларға тек пәндік білім емес, сонымен қатар өмірде қажетті дағдыларды қалыптастыру да маңызды. Бұл тақырып бойынша педагогтер функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың түрлі жолдарын қарастырды. Оқу бағдарламасына жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, оқушыларды шығармашылық жұмысқа тарту және сыни ойлау дағдыларын дамыту арқылы олардың функционалдық сауаттылығын арттыруға болады.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша үздік деп танылған практикалық жұмыстардың иелері Алғыс хаттармен марапатталды. Бұл шараның басты жетістігі – мұғалімдер мен ғалымдар арасындағы тығыз байланыс орнату, олардың білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуы болды. Конференция барысында ұсынылған жаңа идеялар мен ұсыныстар білім беру саласындағы жүйелі өзгерістерге ықпал ететіні анық. Шымкент қаласындағы конференция Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа парадигмаларды айқындап, педагогикалық шеберлікті дамытуға бағытталған үлкен қадам болды. Бастауыш сынып мұғалімдері мен білім беру ұйымдарының өкілдері осы алаңда жинақталған тәжірибелер мен ойлар арқылы өз білімін әрі қарай жетілдіріп, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа тенденцияларына бейімделуге мүмкіндігі бар. Мұндай шаралар еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге және оқушылардың тұлғалық дамуына үлкен әсер етеді.