«БІЛІМ БАСТАУЫ-БАСТАУЫШТА» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ АПТАЛЫҚ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласындағы №79 жалпы орта білім беретін мектепте бастауыш сынып апталығы аясында ерекше мазмұнды ашық сабақ өтті. Тарқатсақ, 3 «Б» сыныбының әдебиеттік оқу пәнінен «Ата сөзі – алтын сөз. Несіпбек Айтұлы» тақырыбында өткен бұл сабақтың ұйымдастырушысы — тәжірибелі ұстаз Джуматаева Саулекүл Болғанбаевна. Сабақ барысында оқушылардың әдеби шығарма арқылы ұлттық құндылықты түсінуі мен сөз қадірін сезінуіне бағытталған жұмыс түрлері жүзеге асырылды.

Сабақтың басты мақсаты – оқушылардың шығарманың мазмұнын терең түсініп, негізгі ойын анықтау, өз ойларын еркін жеткізе білу дағдысын қалыптастыру және «бота» бейнесі арқылы шығарманың мәнін ұғындыру болды. Ұстаз сабақ жоспарын оқушылардың жас ерекшелігі мен танымдық қабілеттеріне сай етіп құрып, олардың қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдерді тиімді қолданды. Сабақтың барысы мазмұнды әрі шығармашылық сипатта өтті. Үй тапсырмасы «Батылдық әңгімесі» әдісі арқылы тексеріліп, балалар өз ойларын ашық айтып, бір-бірін тыңдау мәдениетін көрсетті. Өткен тақырыпты қайталау кезеңінде «Word Wall» интерактивті платформасы қолданылып, оқушылар тапсырмаларды белсенді орындады. Бұл тәсіл олардың ойлау қабілетін дамытып, сабақты қызықты әрі заманауи форматта өткізуге мүмкіндік берді. Ерекше назар аударарлық жайт – сабақта жасанды интеллект элементтері қолданылғаны. Оқушылар «Virbo Al» атты ЖИ жүйесі арқылы оқулықпен жұмыс істеп, мәтінді талдау мен сұрақтарға жауап беруді инновациялық әдіспен жүзеге асырды. Бұл жаңашылдық балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және технологияны тиімді пайдалана білуге баулиды.
Сабақ соңында қатысқан әріптес-ұстаздар өз пікірлерін білдіріп, Джуматаева Саулекүл Болғанбаевнаның кәсіби шеберлігі мен сабақтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ұстаздың заманауи әдістерді ұлттық құндылықтармен ұштастыра білуі – жас ұрпақтың рухани дамуына зор үлес қосатынын көрсетті. Қорыта айтқанда, «Ата сөзі – алтын сөз» тақырыбындағы бұл ашық сабақ оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ойлау, талдау және өз ойын жеткізу қабілеттерін дамытуға бағытталған үлгілі тәжірибе болды. Мұндай сабақтар білім сапасын арттырумен қатар, ұлттық рухани мұраны ұлықтауға да жол ашады.