«БАБАЛАР АМАНАТЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ЗАМАНАУИ ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ» АТТЫ ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Шымкент қаласындағы №58 жалпы орта білім беретін мектепте ардагерлер мен жас ұрпақ өкілдерінің қатысуымен «Бабалар аманатына негізделген заманауи тәлімді тәрбие» атты қалалық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарға сүйенген заманауи тәрбие мен білім беру тәсілдерін талқылау, сондай-ақ мемлекет басшысының білім саласындағы бастамаларын қолдау. Семинарға қалалық Ардагерлер кеңесі, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, сондай-ақ 10-11 сынып оқушылары қатысты.

Жиынды Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жанпейіс Қобланов ашып, тәрбиенің ұлт болашағы үшін маңызын атап өтті. Ал Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Бекмұрат Найманбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауы негізінде «Жолдаудың басым бағыттары» атты баяндама жасап, ел дамуы мен білім саласының жаңғыруына тоқталды. Семинардың екінші бөлімінде Республикалық Ұлттық құндылықтар академиясы Шымкент филиалының төрайымы Әбила Көздібаева «Бабалар аманатына негізделген заманауи тәлімді тәрбие: проблемалар, өзекті мәселелер» тақырыбында ой бөлісті. Ол ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастырудың маңызын ерекше атап өтті. Қаратау ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Асылбек Тоқмағамбетов өз сөзінде Президент Жолдауындағы жаңашыл бастамаларды қолдап, «Жасампаздық Жолдауы – болашақтың бағдары» тақырыбында пікір білдірді.
Мектеп директоры Алтынай Айтбаева өз баяндамасында Жолдаудағы білім саласына қатысты бағыттарға тоқталып, алдағы уақытта ұстаздар жасанды интеллектті оқу үдерісінде тиімді қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға күш салатынын айтты. Информатика пәнінің мұғалімі Жаңагүл Тұлғабаева «Жасанды интеллект және тәлім-тәрбие» тақырыбында тәжірибелік баяндама жасап, технологияның тәрбиелік әлеуетін көрсетті. Семинар аясында мектептің сынып жетекшілері мен оқушылар түрлі ашық тәрбие сағаттарын өткізді. Іс-шара соңында қатысушылар осындай семинарлардың жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық сана мен заманауи ойлауды ұштастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.