СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Қазақстан өңірлерінде 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, елді мекендерді қорғау, инфрақұрылымның орнықтылығын арттыру және су басу қатерлерін азайтуға бағытталған инженерлік іс-шаралар жоспарлы түрде орындалуда.

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі жоғары учаскелерде тексеру жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдарға бекітілген жоспарды толық орындау міндеттелді. Бүгінгі таңда 138 іс-шараның 53-і аяқталса, қалған 85-і жалғасуда. Нәтижесінде 12 шақырым қорғаныш бөгендері мен үйінділер тұрғызылып, 17,5 шақырым өзен арналары тазартылды. Сонымен қатар 700 метрлік су ағызу арналарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 шақырымнан астам нөсер кәріздері тазарды. Автожолдардың 17 учаскесінде су өткізу мүмкіндігі арттырылып, 2 гидротехникалық нысанға жөндеу жасалды. Павлодар облысында да қорғаныш құрылыстарын нығайту жұмыстары жалғасуда. Ақсу қаласында ұзындығы 1,1 шақырым арық жүйесі салынды, жылыжай кешеніне кіреберіс жол жөнделіп, су өткізу құбыры орнатылды. Жамбыл, Жаңажол, Қараағаш және Марғұлан ауылдарында гидромелиоративтік нысандар жаңғыртылды. Баскөл ауылында еріген және жаңбыр суларын бұру үшін 4 су өткізу құбыры салынды. Сонымен бірге республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда 20-дан астам құбыр жөнделді.
Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қорғау үшін топырақ үйінділері тұрғызылып жатыр. Мәмлүт қаласы маңындағы Глубокое көлінде судың деңгейін төмендету жұмыстары жүргізілуде. Бұл аймақта жоспарланған 37 іс-шараның 12-сі орындалып, қалғандары дайындық кезеңінде. Автожолдарда еріген және жаңбыр суларын өткізу үшін қосымша құбырлар орнатылып жатыр. Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, су тасқынына қарсы шараларды жалғастыруда. Су тасқынының алдын алу жұмыстары алдағы көктемде қауіптің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлердің басты басымдығы болып қала бермек.