3 МЫҢНАН АСТАМ МЕКТЕПТЕ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Қазақстанда білім беру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бақылау іс-шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті 2025 жылы 3025 білім беру ұйымын мемлекеттік аттестациядан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам елдегі білім сапасын бақылау мен дамытуға деген мемлекеттің назарын көрсетеді.
Министрліктің дерегінше, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 1170 білім беру ұйымында аттестация жүргізілген. Бұл тексерістердің негізгі мақсаты – оқу үдерісіндегі проблемаларды анықтау, білім беру стандарттары мен біліктілік талаптарының сақталуын бағалау. Өткен жылы да бақылау жұмыстары ауқымды деңгейде іске асырылған болатын. Комитет пен оның аумақтық департаменттері 2487 ұйымды тексеріп, оның ішінде мемлекеттік аттестация, профилактикалық бақылау және шағымдар негізіндегі жоспардан тыс шараларды қамтыды. Соның нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына дер кезінде қатыспауы, мектептердің материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі сияқты олқылықтар анықталды. Комитет төрағасы Серік Әшіровтың айтуынша, мұндай бақылау іс-шаралары тек білім сапасын бағалауға ғана емес, педагогтердің құқықтарын қорғауға да бағытталған. Яғни, тексерулердің мәні жазалау емес, сапаны арттыруға, жүйедегі әлсіз тұстарды дер кезінде анықтап, шешім қабылдауға мүмкіндік беруінде.
Бұл бастаманың бірнеше маңызды қыры бар. Біріншіден, мемлекеттік аттестация білім беру ұйымдарының өз қызметіне сын көзбен қарауына және сапаны көтеру үшін нақты шаралар қабылдауына ықпал етеді. Екіншіден, мұғалімдердің кәсіби дамуына баса назар аудару – білім сапасының негізін құрайтын фактор. Үшіншіден, мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту арқылы оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға болады. Сонымен қатар, бұл шаралар қоғам үшін де маңызды. Ата-аналар мен оқушылар сапалы білімге қол жеткізіп қана қоймай, мемлекеттік бақылаудың жүйелі жүргізіліп отырғанына сенім артады. Ал білім беру саласындағы ашықтық пен жауапкершіліктің артуы – елдің болашақ дамуының кепілі. Жалпы алдағы 2025 жылы жоспарланған 3025 білім беру ұйымын аттестациядан өткізу қазақстандық білім жүйесін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Мұндай бақылау мен қолдау тетіктері білім беру саласының сапасын арттыруға, ал ең бастысы – балалардың лайықты білім алуына жол ашады.




