ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ

Қазіргі заман – ақпарат пен технология дәуірі ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың құқықтық сауатты болуы аса маңызды кезең. Қоғам дамыған сайын адамдардың құқықтары мен міндеттері күрделеніп, күнделікті өмірде заңды білу қажеттілігі артып келеді. Сондықтан құқықтық сауатты арттыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы орайда, үшінші мегаполиске қарасты Сайрам тұрғын алабында тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ, жергілікті деңгейде өзекті мәселелерді шешу үшін бірлескен жұмыс жүргізу.

Кездесуге Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Қаратау аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бекназаров, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, қалалық мәслихаттағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшелері Асқар Молдабек және Лазиз Сулайманов, ауыл биі Абдумутал Исраилов, сондай-ақ, ауыл тұрғындары, билері мен белсенді азаматтар қатысты. Кездесу барысында азаматтық келісімді нығайту, ұлттық бірлікті ілгерілету, заңдылықтарды сақтау және жастарға дұрыс тәрбие беру мәселелері көтерілді. Жиында жастардың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығы туралы кеңінен айтылды. Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі Лазиз Сулайманов өзінің сөзінде «Біздің елімізде бейбітшілік пен татулықты сақтау — әр азаматтың ортақ міндеті. Қазіргі уақытта қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту біздің басты мақсатымыз болуы тиіс. Біз жастарға дұрыс тәрбие беру арқылы болашақта оларды еліміздің ең белсенді азаматтары етіп тәрбиелеуіміз керек» деп атап өтті.
Ал Асқар Молдабек болса, жиынға қатысушыларды еліміздің заңдарын сақтауға және әрбір азаматтың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін сезінуге шақырды. Ол «Қазақстан халқының бірлігі мен келісімі – еліміздің болашағына зор ықпал ететін аса маңызды фактор. Біз, әрқайсымыз, заңды құрметтеп, қоғамдағы өз орнымыз бен жауапкершілігімізді сезіне білуіміз керек. Ақпараттық сауаттылықты арттыру, өз құқықтарымызды білу, дұрыс әрі сенімді ақпаратқа негізделген шешімдер қабылдау – қазіргі заман талабы. Бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтап, тек бірлескен күшпен ғана елімізді алға жылжыта аламыз» деді. Жиын соңында сөз алғандар қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, өз ойларын ортаға салды.