БЫЛТЫР ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАНША ТУРИСТ КЕЛДІ?

Қазақстан – кең байтақ жері, алуан түрлі табиғаты мен бай мәдени мұрасы бар ел. Осындай ерекшеліктеріне қарамастан, туризм саласы ел экономикасының әлеуеті толық ашылмаған бағыттарының бірі болып отыр. Дегенмен соңғы жылдары бұл салаға деген қызығушылық артып, мемлекет тарапынан бірқатар бастамалар қолға алынды.

Қазақстанның табиғи ресурстары – туризмді дамытудың басты негіздерінің бірі. Ел аумағында Алтай мен Тянь-Шань таулары, Балқаш, Алакөл, Зайсан сынды көлдер, Шарын шатқалы, Баянауыл, Қарқаралы ұлттық парктері, Көлсай мен Қайыңды көлдері сынды ерекше табиғи нысандар бар. Сонымен қатар Қазақстан – тарихи және мәдени мұраға да бай ел. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жібек жолы бойындағы көне қалалар мен қорғандар, Алматыдағы мәдени орталықтар – туристер үшін тартымды орындар. Этнотуризм бағытында да еліміздің мүмкіндігі мол. Осы орайда, былтыр елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті. Сөзіне сенсек, Үкімет деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген. Бұл жерде жұмыспен немесе тұрақты тұруға келгендер есепке алынбағанын ескерген жөн.
Министрдің есебінше, былтыр шетелден келген 15,3 млн қонақтың ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізген. «Біз оларды шетелдік туристерге жатқызамыз. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтардың барлығы дерлік туристер есебіне алынады. Себебі олар елімізге келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсер береді. Алайда статистика бойынша аталған 10 миллион туристің 9 миллионы орналастыру орындарында тіркелмеген» дейді ол.

О.ҚАСЫМ.