НҰРАЛХАН КӨШЕРОВТІҢ СЫНЫНА ІЛІККЕНДЕР СҰРЫПТАЛА МА?

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудандар мен қалаларды аралап, жұртшылықпен жүздесіп жатыр. Мұндай маңызды жиындар жергілікті биліктегі бірқатар азаматтар үшін айрықша сынақ болып жатыр десек, артық айтпаған болар едік. Содан да болса керек, бастапқыда жиынды жабық өткізуге тырысқандар, кей тұрғындарды кіргізбеу үшін есік күзеткендер турасында ақпар мен бейнежазбалар тарап кетті.
Әйткенмен облыс басшысы мұның дұрыс емесін, кездесудің ашық өткеніне мүдделі екенін аңғартты. Қош, сонымен бастапқыдағы мемлекеттік қызметте істейтін азаматтармен залды толтыру әдісі тап тыйылғандай болды. Аудан әкімдері мен жауапты қызметкерлердің тұрғындарды кездесуге жібергісі келмеуінің де астары ақтарылған сияқты. Өйткені бірқатар аудандарда былықтарды облыстың бірінші басшысына жайып салғандар табылып жатты. Аудан әкімінің біліктілігіне күдікпен қарайтындар, әкімдікті өткір сынайтындар сөз алды. Жергілікті жердегі жемқорлықтың жайын, парақорлықтың түрін тарқата түсіндіргендер де болды. Аймақ басшысы одан не түйді?
Журналистерге берген сұхбатында Нұралхан Көшеров әрбір кездесуден соң хаттама толтырылып, мәселелер сараланып, тиісті шешімдер қабылданатынын сөз етті. Сонымен қатар өз міндетін тиісті деңгейде атқара алмағандардың қызметпен қош айтысатынын да мәлімдеді. Қош делік, облыс әкімінің сынына іліккендер жуық арада сұрыптала ма? Кімдер қызметтен кетпек? Әзірге бұл сауалдың басы ашық. Әйткенмен сын естіп, салы суға кеткендерді көпшілік көрді. Ал олар енді облыс әкімінің сеніміне қайта кіре ала ма? Мұнысы енді уақыттың еншісінде…
Ж.БАЛАУСА.