САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Түркістан облысындағы ауылдар мен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл мәселелерді тұрақты бақылауына алған. Осы орайда, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков Ж.Ералиев ауылдық округінің Үтіртөбе елді мекенінде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ауыз су ұңғымасының жұмысымен танысты.
Ауыл тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті қазынадан қаралған 60 млн теңгеге биылғы жылдың қаңтар айында басталған жұмыстарды мамыр айында аяқтап, ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Тиісті жұмыстар аяқталған соң 366 түтіні бар Үтіртөбе елді мекенінің 1832 тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылады. Бүгінде мердігер мекеме нысанның жобалық-сметалық құжаттамасында белгіленген 500 метр тереңдікті бұрғылап, тағы 200 метрді өз есептерінен қазып жатыр. Аудан басшысы мен халық қалаулылары нысан басында мердігер мекеме өкілдерімен тілдесіп, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді. Жаңадан орнатылып жатқан «Мембрана» құрылғысының мүмкіндіктері мен жарамдылық мерзімін сөз етті.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы қала, кент, ауылдық округтерге қарасты 105 елді мекен толығымен орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылып, 1197 шақырым ауыз су құбырларының 81,5 пайызы, 83 дана ауыз су ұңғысы, 85 дана ауыз су мұнарасы, 24 су сақтағыш, санитарлық қорғау аймақтары қанағаттанарлық жағдайда жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 нысанның, нақтырақ айтар болсақ, Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.