700-ГЕ ЖУЫҚ КӘСІПКЕРГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛГЕН

Түркістан облысында өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,33 трлн теңгеге жеткен. Ал 2025-2028 жылдар аралығында облыста 2,1 трлн теңгеге 85 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар аясында мұнай-химия, машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңа кәсіпорындар ашылады. Отандық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» арқылы 2024 жылдың өзінде 698 бизнес өкіліне 60,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Сонымен қатар былтыр несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 16,2 млрд теңге бөлінген. Жалпы облыста 1 700 гектарды қамтитын 14 индустриалды аймақ пен 580 гектар аумақта орналасқан арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда кәсіпорындар үшін дайын инфрақұрылым ұсынылып, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. «Шағын өндірістік парктер» құрылып, кәсіпкерлерге жеңілдетілген шарттармен дайын өндірістік ғимараттар беріледі. Бұл ғимараттарды нарықтағы бағадан 50 пайызға төмен жалға алу немесе 3 пайыздық несиемен 7 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, өңірге шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында Түркістан облысы әкімдігі бірқатар ірі келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Қытайдың «Лихуа Груп» компаниясы облыста ПВХ құбырларын шығару, мақта өңдеу және тігін фабрикаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ «Чайна Энерджи» компаниясы жалпы құны 400 млн АҚШ долларын құрайтын күн электр станцияларын салмақ. Одан бөлек, Франция мен Қытайдың «КАТКО» бірлескен кәсіпорны Созақ ауданында уран өндіру кешенін іске қосады.
Сонымен қатар 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша 585,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113,1 пайызды құрады. Ең үлкен өсім металлургия, машина жасау, жиһаз өндірісі салаларына тиесілі. 2024 жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінде 37,2 млрд теңгеге 22 жаңа жоба іске қосылып, 985 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың ішінде, құны 2,5 млрд теңгені құрайтын «CaPable Group» итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру, 1,1 млрд теңгелік «Borte engineering» ЖШС-ның Сүт өңдеу кәсіпорындарына арналған жабдықтар өндірісі мен 1,3 млрд теңгеге «JNRAY Group» ЖШС-ның тігін фабрикасы бар. Бұл жобалар ел экономикасын әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді. Сондай-ақ облыста өндірілген тауарларды Орталық Азия, Қытай және Еуропа нарығына экспорттауға мүмкіндік беретін логистикалық орталықтар мен сауда алаңдары дамып келеді.