ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ ҚЫЗУ ІСКЕ КІРІСІП КЕТТІ

берілген уәде, айтылған сөз орындалуда
Мәслихат депутаты – халық пен билік арасында алтын көпір қызметін атқаратын маңызды тұлға. Әлеуметтің базынасын мінберден көтеріп, тиісінше, биліктің бастамасын бұқараға түсіндіріп, халықтың бірлігін нығайтуға сүбелі үлес қосқандарды халық қалаулысы деп айтуға әбден болады. Әрине, сайлау алдында үйдей уәде беріп, мандат алғаннан кейін үнсіз кеткендерді көзіміз жиі шалып жатады. Сонымен қатар бар білімі мен тәжірибесін қоғамның дамуына арнап жатқан жандар да аз емес.
Қалың оқырманның жадында болса, өткен жылдың аяғына қарай газетімізде бұрынғы меценат, қазіргі Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Муфтулла Қонақбаев турасында ауқымды сұхбат жариялаған едік. Әрине, ол уақытта кейіпкеріміз мандаттан үміттілердің қатарында болатын. Арада біршама уақыт өтті. Бағы мен бабы қатар жанған Муфтулла Құлмұратұлы бүгінде мәслихат депутаты атанған. Қош делік, «Елге қызмет ету – азаматтық парызым!» деген ұранды басшылыққа алған жанның аяқ алысы қандай? Бұқараға берген уәде ұмыт қалған жоқ па? Осыны саралап көрмекпіз.
Әуелі белсенділігіне тоқталайық. Мәслихат депутаты сайлауға дейін көпшілік қауыммен қалай кездессе, кейін де бұл белсенділігін азайтқан жоқ. Керісінше, мәселелерге енді мандат иесі ретінде жандасып, шешілуіне атсалысып келеді. Мінберден де бірқатар түйткілдердің түйінін ағыту бойынша ұсыныстар енгізіп, өзі жақсы білетін салалардың жұмысын қатаң бақылауға алған. Қазақ «қарты бар елдің – қазынасы бар» деп тектен-текке айтпайды. Саналы ғұмырында талай сынақты бастан өткерген жандардың тәуелсіздіктің тамыры тереңдеуіне қосқан үлесі орасан. Мұны Муфтулла Құлмұратұлы жақсы біледі. Содан да болса керек, ақсақалдармен жүздесіп, мәселесіне құлақ асуды, ұсыныс-пікірлерін тыңдауды әдетке айналдырған. Мәселен, бұдан біраз уақыт бұрын қала тұрғыны, 88 жастағы Серікбай Дүйсеновпен жүздескен еді. Ақсақалдың саулығы сыр бере бастағанын аңғарған халық қалаулысы дереу медициналық тексерістен өткізіп, есту құрылғысын сыйға тартты. Бүгінде Серікбай ақсақал немерелерінің тәтті қылығына тәнті болып, тілдесіп, әңгімесін тыңдап отыр. Кейіпкерімізге айтар алғысы да алабөтен.
Жыл басында «AYALA» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өкілдері мекеме ғимаратына пандус қоршауы қажет екенін айтып көмек сұраған еді. Артынша мәслихат депутаты мәселемен жақыннан танысып, аталған түйткілдің түйінін ағытуға ықпал етті. Бұл ғана емес, ғимараттағы ішкі әжетхана жүйесі де дәл осы азаматтың араласуымен ретке келтірілді. Қала тұрғыны Парида Рысбаеваның да мәселесінің шешілуінде Муфтулла Құлмұратұлының қосқан үлесі бар. Немерелерінің жалғыз асыраушысы болып отырған әже 24 жылдан бері жылуы жоқ баспанада күнелтіп келген. Қазірде Парида апаның үйіне көгілдір отын тартылып, жылу жүйесі кіргізілген. Қош делік, бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әйткенмен халық қалаулысының құр мақтанды ұната бермейтіні тағы бар. Аңғарғанымыз, «Елге қызмет ету – азаматтық парызым!» деген ұранды саналы ғұмырына серік еткен азамат сертінен танған жоқ. Осы қарқын алдағы уақытта да жалғаса береді деген ойдамыз! Әрине, анығы уақыттың еншісінде…
Ж.БАЛАУСА.