ТІРШІЛІГІ ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН

қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баспасөз брифингін өткізді

Түркістан – дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің рухани астанасы. Бұдан біраз жыл бұрынғы қала мен қазіргі шаһардың келбетінде ауқымды айырмашылық бар. Әрине, осыншама қыруар істің жүзеге асуына саналы ғұмырын сарп етіп келе жатқан жандар баршылық. Ол қатарда облыс пен қаланың тізгінін қолына алған әкімдерді айрықша айта кету керек. Қалың оқырманның жадында болса, өткен жылы облыс орталығының әкімі ауысқан болатын. Міне, сонда жаңадан тағайындалған Әзімбек Пазылбекұлының туысқандық һәм таныстық арқылы бұл тұғырға қонғанын жарыса жазғандар болды. Жас әкімді Сапарбаев-Нәлібаев әулетінің өкілі ретінде таныстырып, жариялап жатты. Бастапқыда тосын ақпараттан тосылып қалғанымыз жасырын емес. Әйткенмен кейінірек ойлана келе, уақыттың еншісіне қалдырғанымыз бар.

Желідегі ақпарат желдей есіп тұрған заматта сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалды туысқандыққа емес тәжірибеге сүйеніп бұл қызметті тапсырғанын нақтылай кеткен болатын. Міне, сонда «туысқандық талап пен таланттың түбіне жетпесе игі» деп тақырыпты жылы жаба салған едік. Расында, әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, әкенің жолын бала, атаның жолын немере қуған оқиғалар жетерлік. Қала берді, әкенің жолын жалғап, атадан оза туғанын дәлелдегендер де баршылық. Тәрбиенің түзден емес, үйден бастау алатынын ескерсек, қабілетті тұлғалардың шаңырағында талантты жастар өсіп жетіледі. Зиялы әулеттен салиқалы ұрпақ шығады. Айта берсек, көп. Мәселе туыстықта емес, адам бойындағы ізгі қасиет, игі құндылықтарда жатыр. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, баспасөз брифингін өткізді. Бірнеше сағатқа созылған жиында әріптес қауым өткір де өзекті мәселелер турасында төтесінен сауал тастады. Әрине, жаңа әкім тұрмақ тәжірибелі кадрлардың өзін састырып, санасын сенделтетін сұрақтар аз болмады. Аңғарғанымыз, жаңа әкім қаланың тыныс-тіршілігімен жіті таныс. Жоспар да жеткілікті.
Айтылған деректерді тарқатсақ, Түркістан қаласының халық саны соңғы үш жылда 23,9 пайызға артып, 2024 жылдың 1 желтоқсанында 237 мыңға жуықтаған. Өңірлік өнім көлемі облыс орталығы болғалы 4,5 есеге өсіп, 2023 жылы 370,8 млрд теңгені құраса, 2024 жылға өсім 14,4 пайыз болып, 452,6 млрд теңгеге жеткен. Соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгені құраған. Оның 46 пайызы — жеке инвестиция. Бүгінде қалада жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде аумағы 180 га болатын 1 арнайы экономикалық аймақ жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жалпы құны 126 млрд теңгені құрайтын, сонымен қатар 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ жалпы аумағы 190 га болатын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.
Түркістанда туризмді дамыту бағыты да қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда салаға 88,8 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 61,9 млрд теңгені құраған. 2024 жылы Түркістанға келуші туристер мен зияратшылардың саны 1,1 миллион адамға жетті. Оның 23,2 мыңы — шетелдік қонақтар. Туристік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру, қолөнершілер қалашығы мен ескек есу каналының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың іске қосылуы туристер ағынын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Түркістанның қолөнер саласындағы әлеуеті де жоғары бағалануда. 2024 жылы халықаралық қолөнер қалалары ұйымының өкілдері қалаға арнайы келіп, жергілікті шеберлердің жұмысымен танысты. 2025 жылы Түркістанда «WCC International» ұйымының басшылары жиналып, қалаға «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесін беру мәселесі талқыланады. Бұл ғана емес, алдағы жылдары құны 145 млрд теңгені құрайтын 13 ауқымды жоба жүзеге асырылып, 955 жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістанның туризм саласындағы өрлеуі өңірдің экономикалық өсіміне серпін беріп, қаланы халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруға ықпал етпек.
Қарап отырсақ, алдағы жоспарлардың ауқымы кең. Әрине, істі үйлестіріп, жоспарларды нақтылауға тәжірибе аса қажет. Осы тұста бұрынғы облыс басшысы Дархан Сатыбалдының «тәжірибеге мән бердік» деген пікірі ойымызға оралады. Бұл уәж шындыққа жанасатын тәрізді. Қазақ «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп босқа айтпайды. Ендеше Әзімбек Пазылбекұлына ауқымды жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені бұл азамат өрге таныстық емес, таланттың сүйреп келе жатқанын дәлелдеуі керек. Ендеше қарқыны мен қимылы ширақ, көшбасшылығы мен іскерлігі мығым жас әкімнің жаңа қырларын алдағы уақытта жақынырақ тани түсерімізге сенімдіміз!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.