ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРІ ОҚУШЫЛАРҒА ҚҰНДЫ КЕҢЕСТЕР БЕРДІ

Қазіргі заман – технология мен ақпараттың жылдам дамыған кезеңі. Адамзат баласы бұрын-соңды болмаған игіліктерге ие болып жатыр. Интернет пен цифрлық құралдар адамзат өмірін айрықша жеңілдетті. Бұқаралық мәдениет пен жаһандық экономика қарыштап дамып, сол өзгерістердің бәрі ең алдымен жастардың санасы мен өмірлік бағытына тікелей ықпал етті. Жаңа мүмкіндіктердің көптігі қаншалықты пайдалы болса, соншалықты қауіпті. Сол қатердің бірі – құмар ойындарға деген әуестік немесе ғылыми тұрғыда «лудомания» аталып жүрген құмар ойын тәуелділігі.

Құмар ойынның тұзағына түскен жастың санасы тез уланады, уақытынан, ақшасынан, денсаулығынан, ең бастысы – болашағынан айырылуы мүмкін. Жастар – кез келген елдің қозғаушы күші, болашақтың тірегі. Бұл буын рухани және интеллектуалдық жағынан мықты болып қалыптасса, елдің даму қарқыны да жоғары болмақ. Ал құмар ойындарға әуес болып, өмірдегі негізгі ұстанымдарын жоғалтып алған жас өрендер елдің бүгіні мен ертеңіне де зиянын тигізеді. Сондықтан онымен күрес жолдарын терең зерделеп, оның мәнін ашу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Құмар ойын – адамды қызықтыруы мен өзіне тәуелді етуі оңай, жеңіл жолмен ақша табу иллюзиясын ұсынатын ойын түрі. Тарихқа үңілсек, түрлі құмар ойындардың ежелгі дәуірлерден келе жатқанын көреміз. Алайда бұрын оларды тек ерекше мерекелерде немесе арнайы орындарда ойнаса, бүгінде құмар ойындар ғаламтордың арқасында кез келген адамның қалтасындағы смартфон арқылы қолжетімді болып отыр. «Құмар ойын» ұғымының ауқымы кең. Бұған казинолар мен букмекерлік кеңселердегі ставкалар, интернет-алаңдағы рулетка, покер, карталық немесе автоматты ойындар, тіпті компьютерлік ойындардағы ішкі микротранзакциялар да жатады. Мұның бәрі адам психологиясына бірдей әсер етеді, яғни тез баюға, жеңіске, ақшаны еселеп ұтуға деген алдамшы үміт тудырады. Осылайша «жеңіл ақша» идеясы ақырындап тұсауға айналады да, адамды лудоманияға жетелейді. Егер бұрын құмар ойындар белгілі бір жас шегіндегі, көбірек ер адамдар қатысатын ортада танымал десе, қазір жағдай мүлде өзгерді. Жасөспірімдер мен қыз-келіншектер де бұл «жарысқа» білек сыбана араласып жүр. Себебі құмар ойындардың кез келген түрі онлайн кеңістікте жасырын болады, әртүрлі бонус, акция, жарнама арқылы адамды қызықтырады. Бұл әсіресе психикасы әлі толық қалыптасып үлгермеген жастар үшін аса қауіпті құбылыс. Жастардың құмар ойынға тәуелділігіне бірқатар факторлар ықпал етеді. Оларды шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарауға болады. Тарқатсақ, әлеуметтік ортада өзін мойындату – жасөспірім көп жағдайда өз ортасында мәртебесін көтеруге тырысады. «Букмекерге ставка қойып, ұтсам, достарымның алдында беделім артады» деген жалған сенім пайда болады. Жанұядағы немесе мектептегі, қоғамдағы түрлі қиыншылықтардан шаршаған бала жеңілдік іздеп, құмар ойынға жүгінуі мүмкін. Жас кезінде адам жаңа әсерлерге тез әуестенеді, ал құмар ойындар дәл сондай жүйке қоздыратын әсер сыйлайды. Кей отбасыларда қаржылық қиындықтар болуына байланысты жасөспірімнің «тез ақша табу» деген иллюзиясы қалыптасады. Теледидардан, интернеттен байлықты дәріптейтін жарнамалар көбейген, сондықтан «ақшаң болса ғана жақсы өмір сүресің» деген ұғым жастар санасына терең енеді. Жалпы кез келген жасөспірім бір-екі рет қана «ставка қойып» көрмекші болса, оның соңы лудоманияға ұласып кетуі мүмкін. Осы орайда, Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебінде Сайрам АПБ-ның ЮПТ инспекторы, полиция майоры Ш.Сайипов оқушылармен құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, буллингтің, кибербуллингтің алдын алу және қауіпті интернет ойындары, лудомания туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық зомбылықтың, қорлау, мазақтау, намысқа тию жағдайларының алдын алу.
Бүгінгі күні технологияның жетістігін пайдаланған құмар ойындар жастар арасында бұрынғыдан да жедел таралуда. Әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшаларда құмар ойындардың түр-түрін табуға болады. Бұрын бетпе-бет казиноларға баруға жасқанатын оқушы бүгінде үйінде отырып-ақ есепшот ашып, небәрі бірнеше минут ішінде ойнай бастайды. Жастар арасында құмар ойынның тез таралуының бір себебі – «жеңіл ақша» туралы иллюзия. «Жеңіл ақша» ұраны тек құмар ойындарға емес, жалпы тұтынушылық қоғамның бейнесіне айналды. Интернет желісінде «Инвестиция сал да, байып кет!», «Бір түнде миллионер бол!» деген жалған курстар қаптап жүр. Жасөспірімдер шынайы өмірдің қиындығынан қорқып, осындай жалған жолдарға сенеді. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру және адал еңбектің құндылығын насихаттау – қауіпті иллюзиямен күресудің негізгі құралы. Қала берді, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, отбасындағы тәрбие – жасөспірімнің құмар ойынға тәуелді болу-болмауына тікелей әсер етеді. Егер ата-ана құмар ойынға әуес болса немесе ақша табуды тек «сәттілікке» сеніп қана жоспарласа, балаға бұл тәрбие автоматты түрде беріледі. Сондықтан отбасында мынандай шараларды ескерген дұрыс. Балаңыздың ішкі дүниесін түсінуге тырысыңыз, онымен ашық сөйлесіп, жеке пікірін тыңдаңыз. Егер бала бойында құмар ойынға қызығушылық байқалса, оны ұрыспай, қорқытпай, алдымен психологиялық қолдау көрсету керек. Бала жастайынан ақшаның қайдан келетінін, оның еңбектің нәтижесі екенін білуге тиіс. «Ақша – шектелген ресурс, оны жоспарлау керек» деген ұстанымды қалыптастыру – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Бала интернетте қандай сайттарға кіреді, әлеуметтік желілерде кімдермен сөйлеседі – осының бәрін ұдайы қадағалап отыру шарт. Толық тыйым емес, ынтымақтастық негізіндегі бақылау болғаны маңызды. Егер ата-ана өзі құмар ойынға бармаса, қаржылық істерде тиянақты болса, бала да одан үлгі алады. «Менің әкем ерінбей еңбек етті, ешқашан ұтылмайтын ойын іздеген жоқ, демек сол дұрыс жол» деген ой балаға берік сіңеді.
Білім беру жүйесі – жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі ошағы. Мектепте және жоғары оқу орындарында лудоманияның алдын алу үшін мынадай шаралар ұйымдастырылса, тиімді болар еді. Мектептердің тәрбие сағаттарына, жоғары оқу орындарындағы кураторлық сабақтарға «құмар ойындардың зияны», «онлайн-алаяқтық» тақырыптарын қосу керек. Психологтар мен қоғам белсенділері келіп, нақты мысалдармен түсіндіргені абзал. Оқушылар мен студенттердің өзара талдау, пікірталас алаңдарында құмар ойынның салдары туралы ашық әңгіме қозғалса, жастардың санасы оянады. Мектептер мен университеттерде спорттық секциялар, мәдени үйірмелер саны неғұрлым көбейсе, жас буын бос уақытын пайдалы іс-қимылға жұмсайды. Бұл лудоманияның алдын алуда маңызды қадам. Әр білім беру мекемесінде кәсіби психологтар жұмыс істеуі тиіс. Олар оқушылар мен студенттерді жеке қабылдап, қажетті кеңес беріп, қауіпті белгілер байқаса, дер кезінде шара қолданады. Құмар ойынға қатысты заңдар кез келген мемлекетте әртүрлі деңгейде реттеледі. Қазақстанда да бұл мәселе құқықтық базамен бекітілген. Дегенмен заңнаманы жетілдіріп, бақылауды күшейту қажеттілігі бар екені анық. Көптеген елдерде 21 жасқа толмағандарға құмар ойынға қатысуға тыйым салынады. Қазақстанда да заң нормалары бар. Интернет арқылы ставкаларға қатысуды барынша шектейтін, заңсыз платформаларды жаппай бұғаттайтын механизм қажет. Провайдерлердің техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, қауіпті сайттарды дер кезінде жабу – мемлекеттің тікелей міндеті. Құмар ойындарды насихаттайтын жарнамаларды теледидардан да, интернеттен де алып тастау немесе қатты шектеу керек. Жастардың санасын әлсірететін орта қалыптастыруға жол бермеу – заң шығарушы органдардың мойнындағы парыз. Заңсыз ойынханалар ашып, кәмелетке толмағандарды ойынға тартқан кәсіпкерлерге қатаң жаза қолдану мәселесін де тереңдете қарастырған жөн. Лудомания, әсіресе, жасөспірімдерде байқалса, дер кезінде шара қолданбау – ауыр зардаптарға апаруы мүмкін. Сондықтан емдеу мен қалпына келтіру жолдарына ерекше назар аудару қажет. Ол үшін психологтар мен психотерапевттер лудоманияға шалдыққан жасөспірімді жеке және топтық сессиялар арқылы емдейді. Олардың ойлау жүйесін, сезімдерін қайта қалпына келтіруге көмек береді. Науқас адамның құмар ойындарға бастайтын ойлары мен әдеттерін өзгертуге бағытталған әдістер де бар. Онда «Ақшаны тек құмар ойынмен табуға болады» деген қате сенім «Ақша – адал еңбектің нәтижесі» деген түсінікпен алмастырылады. Жасөспірімнің отбасында қолдау болса, емделу үрдісі әлдеқайда сәтті өтеді. Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, сенім орнату – басты мақсат. Кей жағдайда депрессия, үрей сынды қосалқы психикалық бұзылулар анықталса, психиатр дәрі тағайындай алады. Алайда мұндай ем-шараларды білікті маманның қатаң бақылауымен жүргізген жөн. Қазақ халқы ежелден рухани құндылықтарды алдыңғы орынға қойған.
Жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылу – көбіне адамның қаржы мен экономиканы дұрыс түсінбеуінен туындайды. Біздің қоғамда қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына толық енгізілмеген. Нәтижесінде, бала мектеп бітіргенде ақшаны жоспарлау, үнемдеу, инвестициялау, кредиттік тәуекелді талдау сияқты білімдерден мақұрым қалып жатады. Оның алдын алу үшін оқушылар ақшаны басқару, бюджет құру, адал еңбектенетін салаларды зерттеу, кәсіпкерлік негіздері сияқты тақырыптарды үйренуі керек. Жоғары оқу орындарында кәсіпкерлік, маркетинг, экономика бағытында семинарлар мен шеберлік сабақтарын жиі өткізу қажет. Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге бағытталған тегін немесе арзан курстар көп болса, жастар да мүмкіндікті пайдаланады. Балаларға үйретудің алдында ата-ана өзі қаржылық тұрғыда сауатты болуы қажет. Сондықтан ересектерге де қаржы мәдениетін түсіндіретін бағдарламалар қарастырылғаны дұрыс. Құмар ойынға қызығу – кейде жастардың ішкі әлеуетін жүзеге асыра алмауынан туады. Ішкі энергиясын қайда жұмсарын білмеген бала ойын іздейді. Сондықтан қоғам мен ата-ана баланы спортқа, өнерге, ғылымға бағыттауы қажет. Жастарға құмар ойынның зиянын түсіндіруде жеке жауапкершілік мәселесі басты орында тұруы тиіс. Өмір – адамның өз қолында екенін сезіне білген жас, әдетте, зиянды әдеттерден аулақ жүреді. Бала кішкентайынан уақытын, ақшасын, мінез-құлқын өзі бақылай білсе, құмар ойын секілді тәуелділіктерден аулақ болуы оңайлайды. Егер жас адам нақты мақсат қойып, соған жету жолын жоспарлай білсе, құмар ойынға уақыт жоғалту тиімсіз екенін түсінеді. Мектепте, университетте, жұмыс орындарында табысты адамдармен кездесу, мотивациялық дәрістер өткізіп, қажырлы еңбектің маңызын түсіндіру – лудоманияның алдын алуға көмектеседі. Цифрлық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, интернеттегі қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Құмар ойындардың көбі онлайн жүреді, ал жастар көп уақытын желіде өткізеді. Сол себепті тиісті техникалық құралдар арқылы бала қандай сайттарға кіріп жүргенін бақылау керек. Бұл – ешқандай сенімсіздік емес, тек қауіпсіздік шарасы. Мектеп қабырғасынан интернет мәдениетіне, киберқауіпсіздікке үйреткен жөн. «Бұл сайтта қандай қауіп бар?», «Онлайн алаяқтықтан қалай сақтану керек?» деген сұрақтарды талқылау балаларды ақпараттық сауатты етеді. Ғаламторда «1000 теңге салып – 10 000 ұтып ал!» сияқты жарнамалар өте көп. Олардың алдамшы екенін нақты мысалдармен түсіндіру керек.
Көптеген букмекерлік компаниялар, казинолар спорт клубтарына, мәдени шараларға демеушілік жасап жатады. Бір жағынан, ол – сол салаларға қаржылық қолдау көрсетіп, экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Ал екінші жағынан, құмар ойын бренді жастардың көзіне жиі ілініп, оған деген қызығушылықты арттырады. Сондықтан құмар ойын бизнесіне сән-салтанатпен жарнама жасауға тыйым салған дұрыс. Бала санасына «казино немесе букмекерлік кеңсе – демеуші, яғни жақсы нәрсе» деген ой қалыптаспауы тиіс. Құмар ойын бизнесі жұмыс істесе, белгілі бір дәрежеде қоғамға кері әсер де тигізеді. Сондықтан олар лудоманиядан зардап шеккен адамдарды оңалту орталықтарына қаржылай қолдау көрсетуі керек деген заңнамалық талап қойылуы мүмкін. Мемлекет пен құқық қорғау органдары ірі демеушілік жобалардың қоғамдық мүддеге қайшы келмеуін үнемі тексеріп отыруы тиіс. Құмар ойын жастарды құрдымға тартады. Бұл – бүгінгі қоғамның шындығы. Тек бір ғана тәуелділік мысалы талай тағдырды ойрандатып, өкіндіретін жағдайға жеткізген. Жас адамның бойындағы асқақ армандар мен жарқын мақсаттар құмар ойынның тұзағында аяқасты қалмауы керек. Бұл – отбасының, мектептің, жоғары оқу орнының, мемлекеттің және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Құмар ойын – уақыт өлтірудің, жүйкені тоздырып ләззат алудың, жалған ақша табудың көзі емес. Ол – нақты кәсіп емес, керісінше адастырушы, болашаққа балта шабушы. Жастардың өмірін көз алдымызда құлдырауға апаратын бұл құбылысқа жол бермес үшін жан-жақты күш салу керек. Әсіресе, ерте жастан бастап тәрбиелеу, дұрыс бағыт беру, қаржылық сауаттылықты арттыру, интернеттегі қауіпсіздікті күшейту – басты әрі нақты қадамдар. Құмар ойынға бір рет кіріп кеткен жас өмір бойы тәуелді болып қалады деуге болмайды. Әрине, лудомания – күрделі проблема, бірақ оны еңсеруге толық мүмкіндік бар. Ерік-жігер мен дұрыс ұйымдастырылған ем-шара, мамандар мен отбасының қолдауы арқылы адам қайтадан қалыпты өмірге оралады. Емдеу ісінде өз-өзіне «Мен бұл әдеттен құтыла аламын» деп сену – алғашқы қадам. Психологпен бірлесе отырып, нақты мақсаттар мен мерзімдер белгілеу керек. Құмар ойын орталары мен компанияларынан алшақтау, бос уақытты пайдалы істерге жұмсау – тәуелділіктен шығудың негізгі шарты. Егер ойынға деген құлшыныс пайда болса, «Бір сағат күтейін, сосын ойланамын» деген әдісті қолдану керек. Сол аралықта адам сабырға келіп, басқа әрекеттерге көңіл бөле бастайды.
Құмар ойын – бұл бір күндік мәселе емес, оны жаһандық деңгейде де, жеке адам деңгейінде де шешу біршама күш-жігерді талап етеді. Бүгінгі жастар – ертеңгі мемлекет тірегі. Егер олар құмар ойынға салынып, қарызға батып, денсаулығынан айырылып, болашағынан күдер үзсе, елдің дамуы да тұралап қалады. Демек, әрбір ата-ана, ұстаз, мемлекет қызметшісі, қоғамдық ұйым және ең бастысы – әрбір жас азамат өзі де сақтанып, алдын алу шараларын білуі тиіс. Жастардың өмірі мәнді, бақытты, пайдалы істерге толы болуы үшін зиянды әдеттерден арылу жолын көрсету – қоғам алдындағы жауапкершілік. Құмар ойын – бір сәттік иллюзия. Ол адамның уақытын, ақшасын, жүйкесін, ең соңында рухани еркіндігін тартып алады. «Бір рет ғана байқап көремін» деп бастап, ақыр аяғында үлкен қарызға батып, жақындарынан айрылып, өмірден түңілгендер аз емес. Сол себепті алдын алу – ең тиімді шешім. Біздің мақсатымыз – адал еңбек пен білімді, өнер мен спортты насихаттап, дені сау, рухани бай, еркін ойлы, парасатты жас буын қалыптастыру. Егер бүгіннен бастап осы жолда нақты қадамдар жасасақ, болашақ ұрпақты құмар ойын құрдымына жібермей, ұлттың әл-ауқатын көтеріп, бейбіт, гүлденген қоғам құра аламыз.
Жалпы бүгінгідей жаһандану дәуірінде қоғам дамуымен қатар әртүрлі әлеуметтік мәселелер де күрделене түсуде. Солардың ішінде құмар ойынға тәуелділік – өзектілігін жоғалтпай келе жатқан дерт. Бұл дерттің басты себебі – адамның жылдам байысам, тез ақша тапсам деген жалған үміті мен қызу құмарлығы. Бір қарағанда, ойынханада немесе интернет-алаңда ұтып алу мүмкіндігі қызық көрінуі мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде мұның адам санасын улайтыны, отбасының берекесін кетіріп, экономикалық шығындар мен психологиялық күйзеліске ұшырататыны – ащы шындық. Бұндай тәуелділікке бой алдыру адамды моральдық құндылықтардан алшақтатып, жақындарына ауыртпашылық түсіреді. Құмар ойындарға салыну – тек жеке тұлғаның ғана мәселесі емес, жалпы қоғамды алаңдататын жағдай. Бүгінгі таңда букмекерлік кеңселер мен казинолардың онлайн-нұсқасы жасөспірімдер мен жастарды көбірек қызықтыруда. Оның себебі: тәулік бойы қолжетімділік, жарнама ықпалы және бақылаудың әлсіздігі. Көбінесе студенттер мен оқушылар қалтамдағы азғантай ақшаны еселеп көбейтсем деп үміттенеді, бірақ керісінше, қарызға батып жатады. Мұндай тәуелділік ауыр психологиялық соққыға айналып, өз болашағына деген сенімді жояды. Ойыннан ұтылу – тек қаржылық жоғалту емес, адамдық қадір-қасиеттен де айыратын рухани құлдырау. Соның салдарынан отбасы шырқы бұзылады, қылмыс саны артады. Құмар ойын – қоғам дерті. Ол алдамшы жеңіс үмітімен арбап, адамды моральдық, материалдық және рухани шығынға ұшыратады. Сондықтан отбасы, мектеп және мемлекеттің бірлескен қадамы маңызды. Әркім өз ісіне жауап беріп, зиянды әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Жастардың болашағын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз.