АҚСАҚАЛДАР ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДЕРМЕН КҮРЕСКЕ КҮШ САЛМАҚ

Бүгінгі қоғамда құмар ойынға тәуелділік белең алып, талай адамның тағдырын тәлкекке салып отыр. Жастардың ғана емес, егде тартқан адамдардың да құмар ойынға салынып, материалдық, моральдық, рухани тұрғыдан зиян шегетіні жасырын емес. Мұндайда ақылын айтып, жөн сілтейтін, елді сабырға шақыратын, даналықпен жол көрсететін бірден-бір топ – ақсақалдар қауымы. Бабалардан жалғасып келе жатқан ынтымақ пен бірлікті, адал еңбекті бағалайтын, тәрбиеге басымдық беретін ақсақалдар құмар ойынға қарсы күреске де белсене араласып жүр. Олардың осы бағыттағы әрекеті – қазіргі қоғам үшін аса маңызды үлес.

Осы орайда, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ғимаратында бекітілген жылдық жұмыс жоспарға сәйкес, «Адал азамат» жобасын іске асыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен ІV тоқсандағы отырысы өтті. Кеңестің алқа мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 25 сәуірде «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталды. Жиында талқыланған тақырыпқа келсек, нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу, қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылу керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында ақсақалдар – елдің тірегі, ұрпақтың тәлімгері болған. Олар ауыл арасында туындайтын дауларды шешіп, жөн-жоралғыны сақтап қалуға, жастарға үлгі-өнеге болуға атсалысқан. Сол бір игі дәстүр бүгінгі күні де құндылығын жойған жоқ. Бұрын «ақсақал айтса, бітті» деген түсінік болса, қазір де көпшілігі ақсақалдың сөзіне құлақ түреді. Құмар ойын мәселесінде де үлкендер жағы «бұл – тыйым салынатын жаман әдет, опық жегізетін жол» екенін айтып, жас ұрпақты жаман әдеттен тыюға тырысады. Тарихи сабақтастық ретінде ақсақалдар бүгінгі ұрпаққа ата-баба дәстүрін, еңбексүйгіштікті, адалдықты үлгі етеді.
Көптеген өңірлерде ақсақалдар кеңесі, ардагерлер ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді. Олар лудоманияға ұшыраған адамдарды емдеуге, психологиялық көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Мәселен, ауылдастармен кездесіп, құмар ойынның зиянын түсіндіретін әңгімелер өткізеді. Оған лудоманиядан зардап шеккен немесе осы жолға жаңа түскен жастар мен ересектерді шақырып, өмірлік тәжірибелерін бөліседі. Көп жағдайда ақсақалдың өмірден жиған мол тәжірибесі мен сабырлы сөзі адамдарға қатты әсер етеді. Жергілікті әкімдіктер де ақсақалдар кеңесін жұмылдырып, түрлі акциялар мен жиындарда құмар ойынға қарсы үгіт-насихат жүргізуге мүмкіндік береді. Отбасы – тәрбие бесігі. Ал отбасыда әулет ақсақалы болса, оның сөзі – бүкіл шаңыраққа ортақ бағдар. Көпбалалы отбасында, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген ортада ата мен әже немере-шөберелеріне ақылын айтып, жақсылыққа жетелейді. Құмар ойынның жақсылыққа апармайтынын, адал еңбек пен білім-ғылым арқылы ғана құрметке бөленуге болатынын күнделікті айтып отырады. Осындай тәрбие көрген жас өсіп, есейгенде құмар ойыннан аулақ жүреді. Ал егер де біреу әлдеқалай құмар ойынға салынып жатса, ақсақал бұл жағдайға бей-жай қарамай, дереу мәселені шешудің жолдарын іздейді.
Құмар ойынның түбі – құрдым екені дәлелденген. Халық ауыз әдебиетіндегі түрлі мысал-дастандарда да пайдасыз іске салынған адамның ақыры жақсылыққа апармайтыны айтылады. Ақсақалдар мұндай шығармаларды пайдаланып, жастардың санасына ұлттық рух пен терең тәрбиені сіңіруге тырысады. Осылайша, жас буын жеке бас қамын ойламай, ұлттың болашағына жауапты екенін сезінеді. Бүгінде көптеген аудандар мен қалаларда құмар ойындарға байланысты дөңгелек үстелдер, кездесулер, семинарлар өтеді. Сол жиындарға ақсақалдар шақырылып, жастарға ақыл-кеңесін береді. Әдетте ақсақалдардың сөзі шынайы, өмірден алынған мысалдарға толы, сондықтан көпшілік құлақ салады. Сонымен қатар, ақсақалдар басқа қоғамдық ұйымдармен, білім беру мекемелерімен, мешіт имамдарымен және жергілікті әкімшілік өкілдерімен тізе қосып жұмыс істейді. Олар бірлесе отырып, құмар ойыннан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіп, лудоманияның алдын алатын бағдарламаларды талқылауға атсалысады. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне, ел болашағына немқұрайлы қарамаудың жарқын көрінісі.
Қазақтың «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөзі бекер айтылмаған. Ақсақалдың ел арасындағы беделі – халықтық тәрбие институтының өзегі іспеттес. Құмар ойынға салынып, тығырыққа тірелгендерге ақсақалдың сабырлы сөзі демеу болады, болашаққа жігер береді. Оның өмірлік тәжірибесі мен парасаты талай жасқа дұрыс жол сілтейді. Алдағы уақытта да ақсақалдардың беделіне сүйеніп, ұлттық тәрбие жолында аянбай жұмыс істеу – мемлекет пен жұртшылықтың басты міндеттерінің бірі болмақ. Жастарға қамқор болып, елдің ертеңін ойлайтын осындай ақсақалдарымыз көп болса, құмар ойын дерті де біртіндеп азаятынына сеніміміз мол.