МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазіргі заманда жаңа технологиялардың қарқынды дамуы адам өміріне көптеген оң әсерін тигізгенімен, жағымсыз жақтары да пайда болып жатыр. Соның бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік. Бұл құбылыс әсіресе жастар мен орта жастағы адамдар арасында кең таралып, қоғамның рухани және әлеуметтік жағдайына кері әсер етуде. Лудомания — тек жеке тұлғаларға ғана емес, отбасыларға, әлеуметтік топтарға және жалпы мемлекетке де залал келтіретін қауіпті дерт. Сондықтан оның алдын алу шаралары елімізде қарқынды жүріп келеді.

Осы орайда, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты, Ордабасы ауданы, «Тоқсансай» жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында тәлімгер К.Рыскулбекова «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбында қауіпсіздік сабағын өткізді. Лудомания туралы ақпарат берілді. Педагогтың айтуынша, лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Сабақ барысында аталған әлеуметтік кеселдің жай-жапсары мен салдары толықтай түсіндірілді.
Айта кету керек, лудоманияның пайда болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамның психологиялық әлсіздігі, өз өміріндегі қиындықтардан қашу, стресс пен мазасыздықты уақытша ұмыту үшін ойынға әуестенуі мүмкін. Екіншіден, ақпараттың қолжетімділігі мен жарнамалардың көптігі ойынқұмарлықты күшейтеді. Көптеген ойын алаңдары жарнамаларын «сәттілік пен жеңістің кілті» деп көрсетіп, адамдарды ойын әлеміне тартуда. Соның салдарынан көптеген адамдар бір рет ойнап көру арқылы лудоманияға шалдығып, ойынға тәуелді болып қалады.