ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ БІРЕГЕЙ ТУРИСТІК КЕШЕН АШЫЛДЫ

Шымкент қаласындағы Бадам су қоймасының жағалауында орналасқан бірегей «Omir Shymkent» туристік кешенінің алғашқы кезеңі техникалық түрде іске қосылды. Мегаполистің туристік әлеуетін арттырып, экологиялық демалыс мәдениетіне жаңа тыныс сыйлайтын бұл ауқымды инвестициялық жоба тұтастай 74 гектар аумақты қамтып жатыр. Қаланың сәнін кіргізіп, табиғат аясында тынығуға жол ашатын жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 9 миллиард теңгені құрайды.

Іргетасы өткен жылы қаланған бұл рекреациялық бастаманың тұжырымдамасы кезінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке арнайы таныстырылған еді. Мегаполис басшысы кездесу қорытындысында жобаға толық қолдау білдіріп, оның өңірдегі туризмді өркендету мен инвестициялық тартымдылықты арттырудағы стратегиялық маңызын айрықша атап өткен болатын. Бүгінгі таңда іске қосылған бірінші кезең аясында табиғат аясындағы жайлылықты сүйетіндерге арналған 10 глэмпинг пен 10 капсулалы үй ресми түрде пайдалануға берілді. Бірақ бұл – ауқымды жобаның бастамасы ғана. Алдағы уақытта кешен аясында 48 глэмпинг, 18 капсулалы және 24 модульді үй бой көтеріп, келушілерге есігін айқара ашпақ. Оған қоса, мұнда еңселі «ASPAN» мейрамханасы, байырғы дәстүрді жаңғыртқан Сақ моншасы, заманауи спорт алаңқайлары, ашық аспан астындағы амфитеатр, сондай-ақ ат спорты мен шарап өндірісіне арналған арнайы аймақтар орналасады.
Жаңадан бой көтерген нысан қала тұрғындары мен ағылған меймандарға жоғары деңгейдегі еуропалық сервисті табиғаттың тұнық сұлулығымен шебер үйлестірген мүлде жаңа форматын ұсынады. Серуендеп қана қоймай, табиғатпен тілдесетін осындай эко-жобалар – бүгінгі заман талабы. «Omir Shymkent» кешенінің іске қосылуы жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, аймаққа қосымша инвестициялар тартуға жол ашады. Ең бастысы, үшінші мегаполистің туристік индустриясын жаңа белеске көтеріп, Шымкентті отандық және шетелдік саяхатшылардың сүйікті мекеніне айналдырмақ.