«ОНЛАЙН-БЮДЖЕТТІК МОНИТОРИНГ» ПИЛОТТЫҚ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қала тынысы мен мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасына тікелей қатысты біршама маңызды мәселелер таразыға салынды. Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуы, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың «Ашықтық индексінің» нәтижелері жан-жақты қаралды.

Жиын барысында Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеудің жалғыз жолы — превентивті бақылау мен ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау екенін алға тартты. Осы орайда, цифрлық құралдарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, «Онлайн-бюджеттік мониторинг» жүйесін енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда бұл пилоттық жоба елдің айнасы саналатын әлеуметтік маңызы бар төрт саланы — білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет бағыттарын толық қамтып отыр. Сонымен қатар департамент тарапынан мемлекеттік сатып алудың сапасын арттыру және типтік заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Негізгі назар заңнама талаптарының сақталуына, сатып алу шарттарының негізділігіне, рәсімдердің ашықтығына және шығыстарды тиімді жоспарлауға аударылып отыр.
Екінші өзекті бағыт — халықпен кері байланыс және ақпараттық ашықтық. Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың айтуынша, басқарма ақпараттық кеңістікте тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуды басты орынға қойған. Аудан әкімдіктері мен қалалық басқармалардың ресми парақшаларында іске асырылып жатқан жобалар, қабылданып жатқан шаралар мен ағымдағы жұмыстар туралы материалдар уақтылы жарияланып келеді. Оның үстіне цифрлық коммуникацияларды дамыту мен контент сапасын арттыруға да баса мән беріліп, ақпараттар құрғақ мәтінмен ғана шектелмей, фото және бейнематериалдармен байытылуда. БАҚ-пен жүйелі іс-қимыл аясында сегіз айдың ішінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың дамуының өзекті бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға арналған 85 брифинг өткізілді.
Ал биліктің халыққа қаншалықты ашық екенін көрсететін «Ашықтық индексі» жайында Шымкент қаласы әкімінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Гүлбахыт Жұматаева баяндама жасады. Оның хабарлауынша, аталған индекс мемлекеттік органдардың жұмысын төрт негізгі бағыт бойынша бағалайды. Қазіргі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша қаланың көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «e-Otinish» жүйесіндегі деректердің дұрыстығын бақылау, өтініштерді уақтылы қарау және азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету жұмыстары басты назарға алынды. Сонымен бірге мемлекеттік органдар басшыларының азаматтарды жеке қабылдау тәжірибесі жетілдіріліп, цифрлық коммуникация арналары кеңейтілуде. Азаматтардың өзекті мәселелері бойынша жүйелі себептерді анықтап, нақты шешімдер қабылдау мақсатында қайталама өтініштерді талдауға ерекше басымдық беріліп отыр.
Кеңесті қорытындылаған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алудың тиімділігін, ақпараттық ашықтықты және тұрғындармен өзара іс-қимыл сапасын арттыру бойынша жұмысты бәсеңдетпеуді тапсырды. Оған қоса, «Ашықтық индексі» көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған жеке іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның нәтижелеріне тұрақты мониторинг жүргізуді нақты жүктеді.