КҮЗДЕ ӘСКЕРГЕ ҚАНША АЗАМАТ ШАҚЫРЫЛАДЫ?

Президент Жарлығына сәйкес, ел аумағында кезекті күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған орай қалалық және аудандық шақыру комиссиялары да қызу жұмысқа кірісіп кетті. Осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін заң бойынша әскерден кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға ешқандай негізі жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың ішінде 12 000-нан астам өрен Қарулы күштер сапын толықтырса, 7 000-ы Ұлттық ұланға, 3 000-ы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігіне және 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына өтіп, ел тыныштығын күзетеді.

Бүгінгі әскерге шақыру процесі — заман ағымына сай икемделген жүйе. «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі енді проактивті форматта көрсетілуде. Тұрғылықты жері ауысқан кезде азаматтарды автоматты түрде әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды алғашқы тіркеуге алу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босатуды ұсыну қызметтері толықтай автоматтандырылды. Ең бастысы, әскери есепке қатысты барлық ақпарат азаматтардың eGov порталындағы жеке кабинетінде ашық әрі қолжетімді. Қорғаныс ведомствосы мерзімді әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бағытында сапалы реформаларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазіргі сарбаз әскерде тек қару ұстап, саптық дайындықтан өтіп қана қоймайды. Әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы сияқты азаматтық өмірде де өте қажетті мамандықтар бар. Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін уақытша кейінге қалдыру және оқуын аяқтаған соң ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу сияқты салмақты әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған.
Осылайша Қорғаныс министрлігі әскери қызметті ұйымдастырудың сапасын жаңа белеске көтеріп, цифрлық сервистерді дамытуға және сарбаздардың ата-аналарымен тығыз, ашық кері байланыс орнатуға батыл қадам жасауда. Мұндағы басты басымдық — қызмет өткерудің қауіпсіздігі, Қарулы күштердің қоғамға ашықтығы және әскери қызметшілер үшін заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ету. Мерзімді әскери қызмет — бұл жай ғана міндет емес, ол елдің қорғаныс қабілетін бекемдейтін, мемлекеттің жұмылдыру резервін қалыптастыратын негізгі тиек. Ал әскери өмірдің өзі бозбаланың бойында темірдей тәртіп пен жауапкершілікті шыңдап, көшбасшылық қабілет пен ұжымда жұмыс істеу дағдысын қалыптастыратын нағыз өмір мектебі болмақ.