МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ
Лудоманияның қоғамға тигізетін кері әсері көп. Тәуелді адам уақыт өте келе жеке қаржылық қиындықтарға ұшырап, қарызға батады. Бұл жағдайда отбасы мүшелері мен жақындары зардап шегеді, отбасы қарым-қатынасы бұзылып, түрлі қиындықтар туындайды. Сондай-ақ лудоманияның салдарынан адам жұмысынан, қоғамдағы беделінен айырылуы мүмкін. Адамның өзін-өзі құрметтеу сезімі төмендейді, өмірден ләззат алу қабілеті жоғалады, ал бұл жағдай ауыр психологиялық зардаптарға әкеледі. Сондықтан оның алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр.
Осы орайда, Түркістан қаласында мемлекеттік қызметшілерді қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылуы жағдайындағы мәселелер бойынша семинар өткізілді. Онда Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н.Базарбек Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметшілеріне қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылуы жағдайындағы мәселелер бойынша баяндама жасады. Бұдан бөлек, жиын барысында, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер және Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау, тәртіптік практика мәселелері, мемлекеттік органдардың қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесінің жұмысын жетілдіру, үстеме жұмыс істеу мен мемлекеттік қызмет өткеру бағытындағы өзгерістер туралы баяндады. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабының 1-тармағы ойын мекемелерінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау жөніндегі 6) тармақшамен толықтырылғанын атап, құмар ойын мекемелеріне бару тәртіптік жауаптылықты көздейтін болса, құмар ойынына қатысу, бәс тігу қызметтен босатуға алып келетінін түсіндірді. Бұдан бөлек, спикер мемлекеттік қызметшілердің қызметте де, қызметтен тыс уақытта да әдеп нормаларын сақтауды басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Айта кету керек, лудоманиямен күресу және оның алдын алу үшін ең алдымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Ойынқұмарлықтың зияны жайлы халықты, әсіресе жастарды ақпараттандыру, лудоманияның салдары туралы ескерту маңызды. Мектептерде және жоғары оқу орындарында арнайы семинарлар, лекциялар өткізу арқылы жастардың санасын қорғау қажет. Сонымен қатар, құмар ойындарға қолжетімділікті шектеу мақсатында заңнамалық шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте, арнайы ойын орындары мен онлайн платформалардың жұмысын қадағалау, олардың заңсыз әрекеттерін алдын алу үшін бақылау тетіктерін күшейту маңызды. Бүгінде аталған бағытта елімізде кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр.