МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРДЫҢ КӨРСЕТКІШІ 11,4 ПАЙЫЗҒА ӨСКЕН
Елімізде әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды жалғасып келе жатыр. Дегенмен жағдай әзірге мәз емес. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда кейінгі 3 жыл ішінде мүгедек балалардың көрсеткіші 11,4 пайызға өсуі байқалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
Министрдің сөзінше, елімізде 732 мың мүгедек жан бар, бұл жалпы халықтың 3,6 пайызын құрайды. Оның ішінде 57 пайызы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 27 пайызы зейнеткерлер және 15 пайызы — балалар. Мүгедек жандардың нозологиялық формаларының құрылымы бойынша кәмелет жасына толған психикалық бұзылулар, қан айналымы жүйесінің аурулары және жарақат алу жайттары бар. Ал балалар мүгедектігі бойынша жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар және психикалық бұзылулар көбірек кездеседі.
Оны ішінара тарқатсақ, негізінен 7 мен 18 жастағы балалар мүгедектік көрсеткіші жоғары. Халықаралық аренада Қазақстан мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялай отырып және Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне қосылып, адам құқықтарына негізделген саясатты белсенді іске асырып келеді. Былтыр маусымда конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланғанын айта кету керек.
С.НҰРАЙ.