БІРҚАТАР САЛАЛАРДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ БЕЛЕҢ АЛЫП ТҰР

Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғамда және мемлекеттік органдарда лауазымды тұлғалардың қызмет бабын жеке мүдделері үшін заңсыз пайдалануы, нәтижесінде қоғамға, мемлекетке зиян келтіру әрекеті. Бұл құбылыс мемлекеттік басқару жүйесінің әділдігі мен тиімділігіне, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне кері әсер етеді және халықтың сенімін төмендетеді. Сондықтан онымен күрес шаралары елімізде қарқынды жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде бірқатар заңсыз әрекеттер белгілі болып отыр.

Мәселен, жыл басынан бері жемқорлықтан бюджетке 111 млрд теңге залал келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп. Шығынның 96 миллиарды қызметін асыра пайдалғандардан келсе, 2 миллиард алаяқтық жолмен жымқырылған. Қазір ұрланған қаржының 5,5 миллиард теңгеден астамы өз еркімен қайтарылды. Кейінгі 3,5 жылда жемқорлар жол құрылысына бөлінген қаржының 9 миллиард теңгесін қалтаға басқан. Тек былтыр 5 өңірдегі сметалық құжатта 5 миллиард теңге артық көрсетілген. Салдарынан жолдардың сапасы сын көтермейді. Жаңа асфальттардың өзі бір жыл өтпей үгітіліп жатыр. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысына қатысты мониторингті күшейтті. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жағдайды реттеу көзделіп отыр. Бұл туралы «Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол құрылысы кезіндегі жемқорлықты қарастырып жатырмыз. Бұл ретте Гонгонгтың тәжірибесін қолданбақпыз. Олар жобалық-сметалық құжаттаманы тексерудің, бірде-бір шығын болмауының тың әдісін тапқан» дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.
Жемқорлық еліміздің ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларында да белең алып тұр. Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері 800-ден астам қылмыстық іс қозғалған. 600-дей адам ұсталды. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің жалғыз жолы — заңсыз байыған мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту. Қазір олардағы мүліктің қайдан келгенін сұрасаң жеке басына қатысты мәселеге қол сұқтың деп айыпталасың. Сондықтан заңды өзгерту керек дейді сарапшылар. Осы орайда, қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жаңа нормаға жемқорлардың жалпыға бірдей реестрі де енгізілуі мүмкін. Сарапшылар жемқорлықты түбегейлі жоймасақ та, азайтудың жолы — ашықтық дейді. Бірақ жемқорлардың өзі елдің дамуына кедергі жасап отырғанын түйсінбейінше жаза да, күрес те мәселені шешпейтіні анық!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.