«БІРЛІК СЫНҒА ТҮСКЕН СӘТТЕН СҮРІНБЕЙ ӨТТІК!»

Бүгінде жаһан жұртшылығынан тыныштық кетті. Әлемнің бір емес, бірнеше жерінде соғыс өрті тұтанып жатыр. Бұл көптеген мемлекеттерге ой салып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Соңғы жылдар ішінде бірқатар елдер өзін энергиямен, азық-түлікпен толықтай қамтуға баса көңіл аудара бастады. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Жуырда елдің бірлігін, қоғамның ынтымағын көрсететін ауқымды оқиға болды. Әуелі басынан бастайық…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» тақырыбымен таныстырылған биылғы маңызды құжатта алдағы даму бағытымыз бағдарланды. Дәл осы жиында ел Президенті энергетикалық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, атом электр станциясын салу немесе салмау жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетінін мәлімдеді. Артынша ел ішінде үгіт-насихат жұмыстары бастау алды. Осындай жауапты сәтте мәслихат депутаттарына ауқымды жауапкершілік артылды. Өйткені атом электр станциясына қатысты дақпырт пен даулы жазбалар әдеуметтік желіде қаптап кеткен болатын. Дегенмен Шымкент қаласында әріптестерімізбен бірге үгіт-насихат жұмыстарына белсене атсалысып, бастаманың маңызын бұқараға кеңінен түсіндірдік. Уақыт өте келе көпшілік арасында тараған түрлі жалған дерек, дақпырт сөздер тыйыла бастады. Нәтижесінде 6 қазанда елімізде референдум өтті. Бұл жолғы шара бұқараны біріктіре алды десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені дауыс беру учаскелерінде белсенділік айрықша жоғары болды. Ел тұрғындары референдумның маңызын кейінгі ұрпаққа ұқтыру мақсатында балаларын ертіп келіп, өз позициясын білдірді. Кейбір учаскелерді әуелеген ән айтылса, енді бірінде мерекелік көңіл-күй айқын сезіліп жатты. Бір сөзбен айтқанда, жауапты сәтте жұмылып, еліміздің болашағына қатысты көзқарасымызды білдірдік.
Жуырда референдум нәтижесі анық болды. Тарқатсақ, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін қолдады. Ал жалпы еліміз бойынша бұл маңызды шараға 7,8 млн-нан астам азамат қатысты. Осының өзі әлеуметтің ел болашағына уайымдайтынын, кемел келешектің құруға деген ынтасын аңғартты десек, артық айтпаған болар едік. Қош, қазақ – ежелден елін сүйетін халық. Ұлт болашағы таразыға түскенде, ешқашан қалыс қалып, теріс айналмаған. Жуырда ғана өткен жалпыхалықтық референдум – мұның айқын айғағы. Еліміз аман, егемендігіміз мәңгі, бастамаларымыз оң болсын!

Нұрсұлтан БАЛАБИЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.