«СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРУ ҚАЖЕТ»
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы монополиясыздандыруға қатысты тапсырмасына сәйкес, Үкімет деңгейінде тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Және бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай нақты нәтижелер бар. Шымкент қаласында да жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, «AMANAT» партиясының «Жер Аманаты» жобасы аясында, бүгінге дейін қаладағы заңсыз жекешелендірілген 163 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Дегенмен қала аумағында қитұрқылықпен жекенің қолына өтіп кеткен активтер әлі де жетерлік. Соның ішінде стратегиялық маңызы бар «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның әрекеттері алаңдатпай қоймайды. Бұл мекеме тарифтерді Астана және Алматы сияқты ірі қалалармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары етіп белгілеуде. Бұл бағаның тұрақсыздығына және тұрғындардың шығындарының артуына себеп болып отыр.
Президентіміздің экономикалық саясатын қолдайтын ел азаматы әрі қалалық мәслихат депутаты ретінде, қаладағы заңсыз иеленген стратегиялық маңызды нысандарды мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын. Мұндай монополиялық әрекеттерге жол берілмеуі керек, себебі бұл елдің игілігі мен экономикасының дамуына кері әсерін тигізуде.
Мұрат ЖОЛДЫХОЖАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы.