ТҮРКІСТАНДА БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласында спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Атап айтсақ, көптеген спорт нысандары бой көтерді. Бұл ғана емес, білікті бапкерлер де бұл қалаға қоныс аударып жатыр. Спортшылардың жетістіктері де аз емес. Сонымен қатар облыс орталығында бірқатар спорттық шаралар да өткізіліп келе жатыр. Осы орайда, жуырда тағы бір байрақты бәсеке басталды. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты толығырақ тарқатпақпыз…
Ашып айтсақ, Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХІХ халықаралық турнирі басталды. Бокстан өтіп жатқан турнир 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Жарысқа Өзбекстан мен Қырғызстан республикасынан, Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған қалалары және Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облысы және Түркістаннан жалпы 300-ге жуық жас спортшы қатысуда. Бұл дода 15 салмақ дәрежесі бойынша мықтыларды анықтайды.
Спорттық шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ жиында сөз алған Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова қатысушыларға деген жылы лебізін білдірді.