ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Отбасы – қазақ үшін қастерлі ұғым. Сәйкесінше, ұлтымыздың отбасы институты ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінге жеткен. Тіпті, қазіргі күннің өзінде отбасының рөлін, оның қасиетін тереңнен тартып, түсіндіріп беретін жандар аз емес. Осы орайда, интернеттің кең қолданысқа енуімен отбасылық құндылықтардың тамырына балта шабылып жатқаны да жасырын емес. Дегенмен жанұяның қадір-қасиетін айшықтап көрсететін шаралар жиі өткізілуде. Жуырда осы мақсатты көздеген ауқымды бәсеке өтті. Тарқатайық…

Түркістан қаласында «Отбасы – ұлттың тірегі» атты байқау өтті. Сайысқа 6 өнерлі отбасы қатысып, төрт кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Қатысушылар зияткерлік сұрақтарда тапқырлық танытып, командалық сайыста тартысты ойын көрсетті. Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбиені жаңғырту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін көрсете отырып, асыл мұрамыз болған салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, мемлекет құндылығы саналатын отбасыны сақтап қалуға үндеп, қоғамға үлгі болатын жанұяларды насихаттау.
Жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсенбаев, «Құрмет орденінің» иегері, қаланың Құрметті азаматы Баян Адырбекова, «Оқу ісінің үздігі» Зағира Мұстафаева, «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы Саракүл Таңатарова қатысты. Байқау қорытындысымен бас жүлдені Кәрібаевтар отбасы иеленсе, I орын Сұлтанбековтер отбасына бұйырды.
II орынға Жұманов пен Жұмадуллаевтар отбасы, III орынға Әбенов пен Басықараевтар отбасы ие болды.