ШЫМКЕНТКЕ КӨШІП КЕЛУШІЛЕРДІҢ САНЫ АРТҚАН

көрсеткіштер қандай?

Шымкент қаласы – еліміздің үшінші мегаполисі. Шаһар республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған уақыттан бері қоғамда көптеген өзгерістер орын алды. Кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Инвестициялық жайлы орта қалыптастыру бойынша да бірқатар бастамалар жүзеге асып жатыр. Осыдан болса керек, Шымкент қазақстандықтардың таяу өңірлерден көшуіне тартымды қалаға айналуда. Әсіресе, Түркістан облысынан қалаға қоныс аударушылардың саны артқан. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз.

Соңғы деректерді сараласақ, Шымкентте ішкі көші-қонның оң сальдосы байқалады. Яғни көшіп кеткендерден көшіп келушілердің саны артық. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында басқа өңірлерден келген 31,1 мың қазақстандық үшінші мегаполистің тұрғыны атанған. Бұл 2023 жылғы қаңтар-маусымда тіркелген көрсеткіштен 84,7 пайызға көп. Ал жалпы 2019 жылдан бастап қалаға 227,7 мың адам көшіп келіпті. Шымкенттегі сыртқы көші-қон іс жүзінде демографиялық статистикаға әсер етпейді. Жарты жыл ішінде мегаполистен шетелге тек 85 азамат кетті, есесіне, қалаға келгендердің саны – 386 адам. Қош делік, мегаполиске ішкі мигранттардың негізгі ағымы Түркістан облысынан келеді. Бұл, өз кезегінде, Шымкент агломерациясының артқанын көрсетеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай келушілердің үлесі 69,7 пайызға, ал саны 21,7 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Көпжылдық деректерге қарағанда, соңғы рет көші-қон белсенділігінің мұндай өсуі Шымкенттің республикалық маңызы бар қалаға айналғаннан кейін байқалған. 2020-2022 жылдары Түркістан облысынан келген мигранттар ағыны бәсеңдеді. Айтарлықтай өсім 2023 жылдан басталды. Шымкентке қоныс аударушылар қатарында астаналықтар да көп. Елордадан қоныс аударғандар саны алты айда 2,5 мың адамды құрады. Бұл туралы Energyprom.kz зертеуінде көрсетілген.
Жалпы 2019-2024 жылдардағы Шымкенттің көрсеткіштерін саралап көрейік. Халық саны 22,8 пайызға артып, 1,2 млн-ға жетті. 220 мыңнан астам адамның өсімі мигранттардың есебінен болған. Шымкент бас жоспарын жасаушылардың есептеулеріне сәйкес, 2035 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны тағы 58 пайызға артып, 1,9 млн-ға жуықтайды. 2019 жылдан бастап жалдамалы жұмысшылар 34 мың адамға ғана өсті. Атаулы жалақы екі есе артып, ағымдағы жылдың маусым айында 302,4 мың теңгені құрады. Шымкентте логистикамен айналысатындар, қаржы және сақтандыру саласында жұмыс істейтіндер ең көп табыс табады. Жұмыссыздық 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді. Қалада екінші деңгейлі тұрғын үй құны айтарлықтай өсті. Егер 2019 жылы Шымкенттің қолданыстағы тұрғын үй қорындағы пәтердің бір шаршы метрін 218,2 мың теңгеге сатып ала алсақ, қазір мұндай бағалар жоқ. Бүгінде бұл мегаполистегі екінші деңгейлі баспаналар құны жаңа тұрғын үймен тең, яғни шаршы метріне 410,8 мың теңге. Бағаның өсуі жалға алу нарығына да әсер еткен. Ағымдағы жылдың маусым айында Шымкентте абаттандырылған тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құны 2019 жылдағы 1,5 мың теңгеден 3,4 мың теңгеге өсті.
Әрине, мұның барлығы шаһардағы инженерлік инфрақұрылым жүйесіне ауқымды салмақ салады. Қала берді, әлеуметтік мәселелердің кең етек алуына әкеледі. Әйткенмен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асып жатқан жұмыстар да аз емес. Бүгінде инвестициялық жайлы орта қалыптастыру арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету, әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларын ілгерілету, азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау бойынша кешенді шаралар кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Шымкенттің өзге өңірлермен салыстырғанда өмір сүруге қолайлы екені жиі айтылып келеді. Мұның өзі көшіп келушілер санының артуына себепші болуда. Десе де қолға алынып жатқан тиімді шаралар мен бастамалар өзекті мәселелердің ушығуының алдын алып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғаса берері айқын…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.