2025 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ 217 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

Елімізде білім саласын ілгерілету мақсатында бірқатар батыл бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Күні бүгінге дейін еліміздің бірқатар аймағында орын тапшылығын жою мақсатында бірнеше білім ордасы бой көтерді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ. Бұл туралы WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу рәсімінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

Оның сөзіне сенсек, қазіргі уақытта Қазақстандағы білім беру сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды бастама іске асырылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қауіпсіз әрі тиімді оқу ортасын қамтамасыз ететін кемінде 217 заманауи үлгідегі мектеп салынады. 3 жыл ішінде 7000-ға жуық мемлекеттік мектептің
1300-і қайта жаңартылады. Жекеменшік мектептерге қолдау көрсетуге айтарлықтай ресурстар бөлінеді.
Сондай-ақ ол инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруға ерекше көңіл бөлінетіндігін баса айтты. Нақтырағы «Бүгінде мақсатты мектептердің, яғни қосымша әдістемелік қолдау көрсетуді талап ететін мектептердің әлеуетін арттыру жөнінде біршама ауқымды жоба іске асырылып келеді. Оқу-ағарту министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, бізде 2 000-ға жуық осындай мектеп бар. Қазір бұл мектептердің қызмет нәтижелерін жақсарту үшін әдістемелік қолдау жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр» деді Тамара Дүйсенова.

Ж.БАЛАУСА.