КЕМЕЛДЕНГЕН КЕНЖЕКЕҢ
Біз — бір жылдың төлдеріміз. Бір топырақтың тумасымыз. Күнгейлі түстіктегі Мырзашөл деген қасиетті өлкенің өрендері болдық. Жастықтың жалынды жылдарында ауылдас болып араласпасақ та, мақталы аудандардың шаруашылықтарында еңбек жолымызды қатарлас бастадық.
Армандастардың алтын ұясы болған ару қала Алматыда, асқақ Алатаудың аясында арман қуып білім жолында жүріппіз. Диплом құшақтап туған ауылымызға қайта оралып, еңбек майданына жас маман ретінде ол — совхоздарда, мен — колхозда лауазымды қызметтер атқардық. Ауыл жастарының жарқылдаған жалынды жетекшісі де болыппыз. Қатарлас, қолтықтас, қанаттас жатқан Киров ауданындағы Мақталы совхозында экономист-есепші, комсорг, парторг, директор болып жоғары қызметтерге көп ұзатпай, жылдам көтерілді. Сонда да жолымыз түйіспеді, қызметте араласа алмадық. Мен Жетісай ауданында, менің құрдасым Кенжехан Атақұлұлы туған үлкен ұжымшар — Ленин атындағы шаруашылықта табаным тапжылмай он жыл кәсіподақ ұйымы төрағасы болып отырыппын.
Қасиетті Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін облыс, аудандарда 1992 жылдан бастап Әкімшілік құрылымы дүниеге келді. Әкімдер тағайындалды. Шекарадағы үш ауданда да (Мақтаарал, Жетісай, Асық ата) әкімдер атқа қонды. Мырзашөлдің қара шаңырағы — Мақтаарал ауданының тұңғыш әкімі болып К.Төлебаев тағайындалып, аудан жұртшылығы жылы құшақпен қарсы алды. Қанаттас-көршілес жатқан үш ауданның үш азаматы да бір топырақтың перзенттері болып, үш әкім болып таласып, жарасып жүрді. Олар О.Нұржанов, И.Үмбетаев, К.Төлебаев болатын.
Менің таныстығым мен араласуым осы жылдардан бастау алған еді. Үшеуі де ағалы-інілі болып, ағайын болып облысқа, астанамызға жиындарға бірге барды. Той-жиындарға да, қайғылы ортаға да бірге барып тату-тәтті, үзеңгілес жүрді. Сыйласты, сырласты. Себебі аудандар мен ауылдардың сыры да, жыры да бір болатын. Әсіресе, Кенжекеңнің халыққа жақындығы, қарапайымдылығы, қазақы қарым-қатынасы ерекшеленіп тұратын. Сыртынан да теріс әңгіме, ренішті сөздер естілмеді.
Мырзашөлге ат басын бұрған ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, сыйлы қонақтар үш ауданды аралап қонақ болып кететін-ді. Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсенов бастаған мемлекеттік сыйлықтын иегері, лирик ақын Тұманбай Молдағалиев, қазақтың Қалдарбегі Найманбаев, Еңбек Ері, ақиық ақын Мұхтар Шаханов, жезтаңдай әншілер Е.Хасанғалиев, Н.Нүсіпжанов, Р.Бағланова, Р.Рымбаевалар өлке мақташыларының құтты қонақтары болды. Үш ауданның үш әкімі бір-бірімен келісе отырып, ұлт мақтаныштарын ұлықтайтын.
1997 жыл облыс пен Мырзашөл тарихында естен кетпес тарихи жыл болып таңбаланды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі бастамасымен іргелес жатқан үш аудан іріленіп, бір аудан болып бірікті де, орталығы Жетісай қаласы деп ұйғарылды да аудан Мақтаарал ауданы деп аталғаны белгілі. Үш ауданның үш әкімі, үлкені әкім болса, екі інісі орынбасарлары болып іргелі ауданға басшылық жасап жатты. Көп ұзамай Кенжехан Төлебаев Шардара ауданына әкім болып ауысып кетті. Күміс күрішімен аты шыққан шардаралықтарға тек күріш өсірумен ғана емес, мақта шаруашылығымен айналысуға К.Төлебаев өзі тікелей бастамашы болағанын жақсы білсек керек. Күрішті күтіп, егіп, күптеген шардаралықтар шитті мақта егіп, өсіруді де егіншіліктің алтын арқауына айналдырды.
Екі жылға жетер-жетпес Шардара ауданын басқарған Кенжекең 1999 жылы ірі аудан Мақтааралға әкім болып қайта оралды. Сол жылдарда ғой, жұртшылықтың “үшеуінен басқалардың аналары әкім етіп тумаған екен” деп әзілдейтіні. Туған ауданына басшы болып келген К.Төлебаев төселген тәжірибелі әкім ретінде ауданда ауқымды мәселелерді шешумен айналысты. Бұрынғы біріктірілген ауыл округі әкімдіктерін қалпына келтіріп, басқаруды үйлестіріп отыруға ыңғайлы етіп құрды. Мақташылардың ағын су мәселесі бойынша көршілес Өзбек елімен тіл табысып, келісімге келіп отырды. Іргеленген ауданның іргелі мәселесі Сырдария өзенінен көпір салынуына облыс әкімі Б.Сапарбаевпен бірге ат үстінде жүріп аянбай атсалысты.
2001 жылы қазан айында Президент Жарлығымен елімізде тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы ішінара өткізілетін болды. Осы бір саяси науқанда облыстардан екі ауыл әкімін сайлау белгіленді. Соның бірі Оңтүстік облыстан Мақтаарал ауданына тиесілі екен. Міне осы сәтте аудан басшысы Кенжекең Үлгілі ауылдық округі әкімін сайлауға шешім қабылдады. Аудан басшысының бұл ұсынысы сол ауылда әкім қызметін атқарып жүрген маған деген сенімі болса керек. Мен мұны үлкен сенім мен жауапкершілік деп қабылдап, дайындық жасадым. Ақырында халық сенімі мен аудан басшысы үмітін ақтадым деп ойлаймын. Сол бір алғашқы онжылдықта ауыл жылдары, денсаулық, мәдениет жылдары деп әр жылға айдар тағылып, іс шаралар өтіп жатты. Сол жұмыстардың басы-қасында Кенжекең кедергілерді кешіп жүрді.
2002 жылдың күзінен Кенжехан Атақұлұлы облыс орталығына қызметке ауысып, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасары лауазымына дейін жоғарылап, жауапты жұмыстар атқарды. Облыс халқына танымал азамат-басшы бола білді. Облыстық мекемелерді абыроймен басқарды.
2013 жылдан мемлекеттік қызметті қойып, Шымкенттегі аграрлық колледжінде зейнет жасына дейін директор лауазымын атқарғанын білеміз. Колледжді басқарған жылдары мекеме еліміздегі орта арнаулы оқу орындары арасындағы таңдаулы он оқу орнының қатарынан көрінді. Бұл да басшы болған ғалым жетекшінің икемді ізденістерінің жемісі еді. Кенжекең зейнетке шығып, демалыс алған соң да қол қусырып отырып қалмаған. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төраға орынбасары қызметін қоғамдық негізде атқарды. 2021 жылы Шымкент қаласы ардагерлер кеңесі төрағасы болып сайланды. Қазір мегаполистегі 90 мыңнан астам ардагерлер армиясын абыройлы басқарып келеді. Қала әкімдігімен, басқармалармен біргелікте айтулы тәрбиелік мәнге ие іс-шараларды шашауын шығармай өткізгенінің куәсіміз. Заман ағымына қарай ұлттық құндылықтарды әспеттеуде, жастардың тәрбиесіндегі түйткілді, өткір мәселелерді қолдап, қозғауда ұйымдастыруға ұйытқы, көшбасшы қасиетке ие.
Ардагерлер арасында ауқымды игілікті істердің бастаушысы ретінде қала мектептері мен оқу орындарындағы оқушылармен, студенттермен тығыз байланыс орнатып, түрлі тақырыптарда тартымды, тағылымды кездесулер, пікір алмасулар жиі өтетіні жан жадыратады. Аға буын мен бүгінгі күннің ұрпақтарының үн қатысуы жақсылыққа бағытталса керек. Президентіміз бастаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да шырайлы Шымқалада шынайы қолдау тауып, жалпыхалықтық қозғалысқа жалғасуда. Міне осы тарапта қала ардагерлері қатардан қалмай, қол ұшын созып, ақ баталарын беріп, тілеулестік танытуда. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы емес пе?
Қалалық ардагерлер кеңесіндегі жұмыстарды жүйелеп, бір ізге түсіруде Кенжехан Атақұлұлының қолтаңбасы айшықты көрініс береді. “Жалғыз ағаш орман болмас” дегендей ардагерлер армиясында облыс пен елімізге белгілі азамат ағаларымыз топтасқан. Олардың арасында мемлекет пен қоғам қайраткерлері Б.Тұрғараев, О.Рахманбердиев, Д.Шерімқұлов, Ш.Мырзатаев, С.Әбдіқұлов, С.Барақова, Х.Есенқарақызы, Ә.Қалыбекова сияқты айтулы, танымал тұлғалардың болуы көңіл қуантады. Себебі өмір тәжірбиесі мол, білім-білігі бар, ел басқарған аға толқын билікпен бірлессе, ел мен жердің мүддесінен алыс кетпес деп санаймыз.
Ауылда туып, ауылда өскен замандасымыздың облысқа, елімізге белгілі, танымал азаматтық биікке көтерілгеніне мақтаныш сезіммен қараймын. Туған ауылында ауыл тұрғындары үшін “Атақұл ата” мешітін (Жаңа дала ауылы) салып, көптің батасын алды. Бітірген мектебіне жиі барып, мектеп оқушыларымен кездесіп тұратыны тағы бар. Жақында сол мектептен К.Төлебаевқа арналған сынып бөлмесі ашылғанын естіп қуандық. Еңбек етіп, өзі басқарған ауданына барып әріптестерімен, жұртшылықпен жиі кездесіп, хабарласып тұрады.
Кеудесіне “Парасат”, “Құрмет” ордендерін таққан азаматымыз Түркістан облысының, Шымкент қаласының құрметті азаматы, оған қоса үш ауданның да атақтары жарасым тауып тұр.
Өнегелі отбасы иесі, өмірлік сыңары –Жайсангүл екеуі жарасымды жұп құрып, ғұмыр кешіп, бес перзентті өсіріп, өндіріп, немерелердің қызығын көріп отыр. Перзенттері елге елеулі болып, ел дамуына әр салада еңбек етіп, үлестерін қосуда. Көз тимесін дейік.
Жеті белестің бигіне шығып, мерейтой жасап отырған Кенжехан Атақұлұлына амандық пен абырой тілейік!
Пердеш Есенбекұлы,
Мемлекеттік қызметтің ардагері, журналист.