СПОРТТЫҚ САЙЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістан қаласында қоғамның барлық саласы қатар дамып келеді. Оның ішінде спорттың бәсі бір саты биік. Соңғы жылдары тарихи қалада бірқатар спорттық нысандар бой көтерді. Осының арқасында жас спортшылар заманауи орталықтарда жаттығу мүмкіндігін алды. Бұл ғана емес, білікті бапкерлер облыс орталығына табан тіреп, спорттың мерейін үстем етті. Мұның нәтижесін республикалық һәм халықаралық спорттық додаларда айқын көріп келеміз…

Бұл ғана емес, Түркістанда бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да қыруар іс атқырылып келеді. Бос уақытты тиімді өткізу тетіктері тұрғындарға түсіндірілуде. Көптеген ауқымды шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, жуырда облыс орталығында «Жемқорлықсыз болашақ» ұранымен 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында үстел теннисінен өткен ашық біріншілік аяқталды. Спорттық шараға Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Сарыағаш, Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Төлеби аудандарынан келген 300-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қалалық «№2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры Әнуар Сәрсенбаев құттықтап, арнайы алғыс хат пен кубоктарын табыстады. Сонымен қатар өз сөзінде “Үстел теннисі – пайдасы мол спорт. Ақыл-ойды сергітіп, мидың саулығын сақтайды. Шапшаңдық арқылы буындарға да жақсы әсер береді. Бұл спорт түріне жастардың қызығушылық танытып, сайысқа қатысып жатқанына қуаныштымын. Жас спортшыларға алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін” деді Әнуар Амантайұлы. Жарыс қорытындысы бойынша 2009-2015 жылғы жасөспірімдер арасында Түркістан қаласы 8 медаль, Шымкент қаласы 15 медальды иеленсе, қызылордалық спортшылар 4 медальды қанжығаға байлады. Сарыағаш қаласы, Созақ пен Сауран аудандары бір-бір жүлдеден алды.