ЖАҢА ЗАҢ ТҮРКІСТАННЫҢ БІРЕГЕЙЛІГІН САҚТАУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Түркістан — еліміздің рухани астанасы. Бүгінде тарихи қаланың келбеті адам танымастай өзгеріп барады. Жаңа ғимараттар бой көтеруде. Шеттен келетін туристер санында да өсім бар. Күнгейдің мақтанышына айналып келе жатқан шаһардағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек. Тіпті, жаңа қырқын алады дегенге негіз бар. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани және тарихи орталық ретіндегі ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, тиісті тапсырма берген еді. Осының негізінде жаңа заң жобасы әзірленді. Жуырда Мәжілісте дәл осы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Маңызды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған жұмысшы топ өкілдері қатысты. Бұл маңызды құжатты дайындауға Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы негіз болған. Сонымен қатар тарихи-мәдени объектілерді сақтау қажеттілігі, халық санының қарқынды өсуі де жаңа мәртебенің берілуі тиіс екенін дәлелдей түскен. Бір ғана мысал, соңғы 6 жыл ішінде қала халқы 60 мыңға өсіп, жалпы тұрғындар 233 мыңнан асып жығылған. Заң жобасына ойыссақ, әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген.
Түркістанның дамуына тың серпін беретін заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсаттары мен міндеттері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану, қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Сонымен қатар жаңа заң қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді реттейді. Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады. Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағытталған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.
Бүгінде Түркістан қаласында туризмнің дамуына ерекше көңіл аударылған. Сәйкесінше, қалаға келетін туристер саны да артып келеді. Туристер мен зиярат етушілер саны 2023 жылы 1 015 211 адам болса, 2024 жылдың 6 айында 752 121 адам келген. Шетелден 2022 жылы 7113 адам келсе, 2023 жылы 12 169 адам қонақ болған. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 732 турист келіп отыр.