АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ұлт тарихындағы Алаш қайраткерлерінің орны бөлек, еңбегі ерек. Тағылымды іс, тәлімді өнеге көрсеткен дәл осы тарихи қайраткерлердің атқарған еңбегін елге насихаттау қажет-ақ. Жалпы биыл Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, Нәзір Төреқұловтың туғанына 132 жыл, Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр.

Осыған орай, Түркістанда «Алаш ардақтылары» атты тарихи-мәдени шара өтті. Алаш зиялылары ұлықталған шарада тарих ғылымдарының кандидаты, қаланың құрметті азаматы Баян Садыққызы сөз алып, тарихи тұлғалардың өмірдерегінен сыр шертті. «Құрмет» орденінің иегері, Нәзір Төреқұлов музейі филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы қайраткерлердің ел үшін жасаған ерліктеріне тоқталды. Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Серсенбаев ХХ ғасырдың шежіресінде Түркістан өлкесі – Алаш атын аспандатқан тұлғаларымен, төл перзенттерімен әйгілі екенін мақтанышпен айтып, сөзін түйіндеді.
Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Алаш арыстарын сомдап, тарихтан сыр шертетін әсерлі қойылым көрсетті. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жыр шумақтарын оқыды. Еліміздің тәуелсіздігіне, халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен Алаш арыстарының тарихтағы орны биік екені сөзсіз. Осы орайда, Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожановқа арналған рухани кештен жастар тұшымды әңгіме тыңдап, тың мағлұмат алды.