АНАРБЕК ОРМАН ӘКІМ БОЛҒАН УАҚЫТТА ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТТІ МЕ ӘЛДЕ ҚАРА БАСТЫҢ ҚАМЫН КҮЙТТЕДІ МЕ?

Сыздықбековты сүріндіру үшін Ақорда жағалағандардың саны артып жатқан сыңайлы…

Соңғы уақытта Шымкент қаласында жекеге заңсыз өткен нысандарды мемлекет меншігіне қайтару бойынша ауқымды іс жүргізіліп жатыр. Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполисте өткен ғасырдың соңына қарай бірқатар нысандар бәсекелестікті дамыту мақсатында жекешелендірілген еді. Олардың қатарында стратегиялық маңызы бар мекемелер де бар. Арада бірнеше онжылдық өтті. Жағдайды саралап отырсақ, кезінде мемлекеттік қызметте отырғандар – бүгінде монополияға айналған алпауыт кәсіпорындардың тізгінін қолға алып отыр. Солардың бірі – Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Анарбек Орман. Бұл азамат — қазіргі уақытта «Су-ресурстары Маркетинг» ЖШС-ның бас директоры. Қош делік, сумен жабдықтау және су бұру қызметін жүзеге асыратын өңірдегі ғана емес, күллі Қазақстандағы стратегиялық маңызы бар алпауыт кәсіпорын қалайша жекенің меншігіне айналды? «Уақыт» газеті осы сауалдың жауабын анықтау мақсатында зерттеу жұмысын жүргізген еді. Тарқатайық…

Ол үшін өткенге көз жүгіртейік. 1996-1998 жылдары елімізде демонополизация шаралары аясында бірқатар нысандар жекешелендірілген болатын. Бұл үрдіс Шымкентті де айналып өткен жоқ. Нақтырағы, сол уақытта қала әкімі шаһардағы сумен жабдықтау және су бұру жүйесін басекелестік ортаға беру туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде бірінші кезең бойынша қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның 4 объектісі, атап айтқанда, 2 су жинағыш, 1 тазарту қондырғысы және автокөлік цехы еншілес компания ретінде бөлінеді. Артынша «Бадам-Сайрам», «Ақсай-Қарасу» су жинағыштары да алғашқы 4 еншілес компанияға қосылып, ұзын саны 6 мекеме жекешелендіру жөніндегі комитетке беріледі. Тағы да қайталап өтейік, ондағы мақсат – бәсекелестік ортаны дамыту. Осылайша Шымкенттегі сумен жабдықтау және су бұру саласы жекешелендіріліп, 6 су жаңа компания нарыққа шығады. Бір қызығы, 1995-1997 жылдары Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Анарбек Орман дәл осы 6 компаниямен үлестес болып шыға келген. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпорындардың қызметіне, шешіміне, бастамалары мен жоспарларына әсер ету құқығына ие болады. Әрине, заман бір орында тұрмайды. Әкімдер де тұрақтамайды. 1997 жылы Анарбек Орман қала әкімі қызметінен кетеді. Араға жыл салып, о баста саладағы бәсекені арттырып, сапаны жоғарылатуды көздеп, жекешелендірілген компаниялардың құрылтайшылары «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на бірігу туралы шешімге келеді. Бас директор кім болды дейсіздер ғой?! Әрине, бұл қызмет бір жыл бұрын ғана қала әкімі қызметін атқарып, саладағы нысандарды жекешелендіруге тікелей атсалысқан азамат Анарбек Орманға тапсырылады. Демек бастапқыда саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатында жекешелендіруді көздеген азамат артынша 6 компания бірігіп, монополияға айналған мекемені басқаруға бір-ақ барады. Кімнің ұтқаны белгілі, ал ұтылған кім? Қарап отырсақ, осыншама ауқымды іс, логикаға сыймайтын әрекеттер бір ғана адамның айналасында өрбіп жатқан секілді. Қарапайым оқырман мұны мемлекеттің мүлкін жымқырудың тамаша тәсілі деп те ойлауы мүмкін. Ал біз бұл ойдан аулақпыз. Анығын құзырлы органдар қарай жатар…
Осылайша, бір кездері күллі қаланы сумен қамтып отырған мекеме жекеге кетіп, мемлекеттің меншігінде тек құбыр желілері ғана қалады. Бертін келе «сумен жабдықтау және су бұру қызметін бөлшектеп жүргізу мүмкін емес» деген уәждер айтыла бастаған. Нәтижесінде 2004 жылы қала әкімінің қаулысымен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қосылып, мемлекеттің кәсіпорындағы үлесі 22 пайыздан сәл ғана жоғары болып қалады. Бұл істің шикілігі көзге ұрып тұр. Өйткені 2003 жылы бекітілген Су кодексінің 25-бабында «Қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар мемлекеттік меншікте болады, иеліктен шығарылуға жатпайды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалға және сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал біз сөз етіп отырған жағдайда, жекенің меншігіне өтіп кеткен. Мұны қала әкімі қызметін атқарған Анарбек Орманның я болмаса алпауыт кәсіпорын заңгерлерінің білмей қалуы мүмкін бе? Бұл – көзге оғаш көрінетін, тексеруді талап ететін екінші дерек.
Қош делік, тағы да тарихты ақтарайық. 2005 жылы қаладағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жаңа объектілерін қабылдау, яғни бюджет қаражаты есебінен объектілерді салу, реконструкциялау немесе жөндеу аяқталғаннан кейін пайдалану мақсатында «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылады. Арада біршама уақыт өткенде жоғарыда атап өткен «сумен жабдықтау және су бұру қызметін бөлшектеп басқару мүмкін емес» деген себеппен мекеме «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға беріледі. Артынша, яғни, 2016 жылы біз сөз еткен кәсіпорынның сенімгерлік басқаруындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қалаға жаңа кәріз желісін тарту бойынша 3 млрд теңге бюджеттік несие алады. Енді қаржы моделіне сәйкес есептер болсақ, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын 2035 жылға дейін тарифті бір жылда 3 есе көтеру арқылы ғана алған несиенің орнын жаба алады. Алайда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифті келісу кезінде 2025 жылға дейін тариф мөлшерін 9,02 теңге мөлшерінде бекітті. Бұл іс жүзінде кәсіпорынды тығырыққа тіреп отыр. Жалпы алынған қаржы 2022 жылдан бастап қайтарыла бастауы тиіс болатын. Соңғы деректер бойынша 405 млн теңге төленген. Алайда оны төлеу электр энергиясы үшін шотты төлемеу, жөндеу жұмыстарын қысқарту және штатқа мамандар алмау есебінен жүргізілген. Бұл ғана емес, 2024 жылдың 1 тоқсанындағы есеп бойынша «Су құбыры және канализация басқармасының» қарызы 300 млн теңгені құрайды. Жекеменшік кәсіпорынға сенімгерлік басқаруға беру бастамасы өзін ақтап отыр ма? Қарызы қыруар кәсіпорынның қазіргі ахуалын кім түзейді? Тағы да мемлекетке ысырып тастамай ма? Жауап белгілі тәрізді…
Ал енді 2005-2024 жылдар аралығындағы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС жүзеге асырған жұмыстарды талдайық. Бұл кезеңде «Су құбыры және канализация басқармасының» балансына барлығы 4834 шақырым су құбыры мен 494 шақырым кәріз желісі қабылданған. Бұл көрсеткіштерді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-мен салыстырсақ, су құбырын тарту 2,5 есеге, кәріз желісін тарту 31 шақырымға көп. Алайда іс жүзінде бірдей тұтыну көрсеткіштерімен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің бекітілген тарифтері мемлекеттік тарифтерден асып түседі. Бұл ғана емес, біз сөз еткен мекеменің тарифтері халық үшін де, бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін де Астана және Алматы қалаларымен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Мысалы, егер Шымкентте тұрғындар үшін сумен жабдықтау тарифі шамамен 97 теңгені құраса, Астанада көрсеткіш 65 теңге шамасында. Яғни 1,5 есе аз. Ал Алматыдағы тариф – 55 теңге. Тариф жоғары ал электр энергиясына кететін шығын керісінше аз. Логика қайда? Мәселен, Шымкентте электр энергиясына кететін шығын көрсеткіші 0,08 квт/с/м3 болса, ал Астанада бұл көрсеткіш 6 есе артық және 0,45-ке тең, ал Алматыда көрсеткіш 9 есе жоғары және 0,72 шамасында. Кәріз жүйесі бойынша да тарифтер Алматы және Астанамен салыстырғанда жоғары. Алайда үшінші мегаполистегі сарқынды суды тазарту көрсеткіші төмен. Атап айтқанда, Шымкентте тұрғындар үшін кәріз тарифі 51 теңгені құрайды, Алматыда 2 есе төмен, Астанада іс жүзінде тең. Шымкенттегі бюджеттік ұйымдар үшін тариф 415 теңгені құрайды, Астанада 1,5 есе аз немесе 281 теңге, Алматыда 5 есе төмен немесе 81 теңге. Тарифтің жоғары екеніне көзіміз жетті. Бір қызығы, соған сәйкес, сарқынды суды тазарту жұмыстары да сапалы болып жатқан жоқ. Өңірімізде біз сөз еткен тазартылған суды өзенге немесе каналға ағызуға болмайды. Исі мүңкіп, айналаны алып кетеді. Тіпті, соңғы кездері шымкенттік тұрғындар қолқаны қабатын жағымсыз иіс турасында жиі шағымданатын болған. Мұның өзі тиісті деңгейде жұмыстың атқарылмай жатқанын аңғартса керек. Осыншама кереғарлықтың себебі не? Астана және Алматымен салыстырғанда шығын төмен болғанымен, тарифі жоғары. Қала берді, жұмыс сапасы да сын көтермейді. Осыған сәйкес, кәсіпорынның пайдасы да жоғары болса, ештеңе айтпас едік. Алайда сандарды сараласақ, тағы да тұңғиыққа батып кетеміз.
Атап айтар болсақ, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 2020-2022 жылдар кезеңінде 32 млрд теңге мөлшерінде кіріс алды, ал шығын 38 млрд теңгені құраған. Бұл ғана емес, 18 жыл ішінде жергілікті бюджетке небәрі 171 млн теңге дивиденд аударған. Демек кәсіпорынның шығыны шаш-етектен. Бұл аз десеңіз, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпорынның шығындарына жүргізген талдауында бірқатар күмәнді жайттарды анықтаған. Ашып айтсақ, 14 млрд теңгеге күмәнді өзара есеп айырысулар жасалған. Ең сорақысы, соңғы 3 жылдың ішінде шығынға жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның бас директоры Анарбек Орман және онымен байланысты үлескер тұлғалардың атына 40-тан астам жылжымайтын және 30 жылжымалы мүлік жазылған деген дерек те шықты. Мұны қалай түсінуге болады? Әрине, осыншама күмәнді жайт, тұманды әрекеттердің тексеру барысында анықталатыны анық. Қала берді, шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков те бұған дейін жекенің меншігіне заңсыз өткен нысандарды мемлекетке қайтару бойынша қыруар іс атқарылып жатқанын аңғартқан. Ұзынқұлақтан естуімізше, Шымкентте белді қызмет атқарған жылдары сан түрлі схемалармен әлдебір нысандарды иеленген бұрынғы шенеунік, қазіргі алпауыт кәсіп иелері Ақорданы жағалап, Сыздықбековты сүріндіруге тырысып жатқан көрінеді. Бұрындары әкімді қаралау үшін қарапайым блогер мен бұқараны қарсы қоятын тәсіл бар еді. Бұл күндері бұл әдіс нәтижесін бермей отырған тәрізді. Өйткені миллион халқы бар мегаполис жұртымен тынбай жүздесіп, мәселесіне құлақ асып келе жатқан қазіргі әкімнің қоғамдағы беделі биік. Сондықтан болар, салмақты саясаткерлерге қолқа салып, істі Астана арқылы шешуге көшкен сыңайлы. Әрине, бұл қатарда Анарбек Орманның бары я жоғынан хабарымыз жоқ. Десе де билік басындағылардың «Шымкенттегі шиеленістерден» хабары бары анық.

P.S.

Жоғарыда аталған фактілер мен деректерді ескерсек, кәсіпорынды мемлекетке қайтару керек деген ой санамыздан сығалайды. Неге? Біріншіден, күллі қаланы сумен жабдықтайтын кәсіпорын стратегиялық маңызы бар нысан саналады. Оны жекенің меншігіне беру – үлкен тәуекел. Екіншіден, мемлекеттік кәсіпорын мен жекеменшіктегі нысанның тарифтеріндегі баға айырмашылығын жоғарыда жаздық. Мемлекеттікі төмен, ал «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның тарифтері әлдеқайда жоғары. Нысан мемлекет меншігіне қайтса, ұзақ уақытқа тарифті бір қалыпта ұстап тұруға болады. Әйтпегенде бағаның өскені өскен. Үшіншіден, жекенің меншігіндегі кәсіпорын соңғы жылдары шығыннан көз ашпаған. Қала берді, күмәнді есеп айырысулар көп. Мұның баршасы құзырлы органдардың назарынан тыс қалмауы керек!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.