БАСПАНАҒА СҰРАНЫС КҮРТ АРТТЫ
көрсеткіштер не дейді?
Еліміздегі нарықта баспана бағасы құбылып тұр. Бұған дейін сұраныстың азаюына байланысты баға біршама төмендеген болатын. Міне, сонда жауапты министрліктің мұның уақытша құбылыс екенін жеткізгені бар. Айтқаны айдай келді десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені Қазақстанда шілдеде өткен айлармен салыстырғанда баспанаға сұраныс күрт өскен.
Мамандар жаз уақытында тұрғындардың үй мәселесін реттеуі заңдылық екенін алға тартып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы шілдеде тіркелген тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 40 099-ды құраған. Оның 9 126-сы жеке тұрғын үйлерге, ал 30 973-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты келісімшарттар екенін атап өткен жөн. 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату операцияларының саны 21,7 пайызға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы және Астана қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Жалпы Батыс Қазақстан облысын қоспағанда 2024 жылдың шілдесінде еліміздің барлық өңірлерінде транзакциялардың өсуі тіркелген. 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй операцияларының саны 24,5 пайызға артып отыр.
«Уақыт».