ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ҚАРАҚҰРТТЫҢ ҚАУПІ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ

Биыл елімізде күннің күрт ысуымен түрлі улы жәндіктер қаптап кетті. Ел тұрғындарын әбігерге салған бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап жатыр. Осы орайда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өрмекшілердің маусымдық белсенділігіне байланысты қарақұрт шағуының алдын алу шараларын еске салады.

Министрлік қарақұрттардың және басқа да улы өрмекшілердің шағуын болдырмау үшін келесі 5 ережені сақтауды ұсынып отыр. Олар — қорғаныс киімін кию (қарақұрт мекендейтін жерлерде ұзын шалбар мен жабық аяқ киім кию керек), киім мен аяқкиімді кимес бұрын тексеру, қорғаныс құралдарын қолдану, тазалық сақтау және өрмекшіні қолмен ұстамау. Қарақұрт шаққаннан кейінгі белгілерге келсек, 10-15 минуттан кейін бүкіл денеге таралатын қатты, айқын ауырсыну пайда болады. Интоксикация белгілері жоғарылайды, яғни жүрек соғысы, ентігу, бас ауруы, жүрек айну, құсу, беттің қызаруы, тершеңдік айқын сезіледі. Қарақұрт шағып алған жағдайда дереу жақын жердегі медициналық ұйымға медициналық көмекке жүгіну қажет.
Бүгінгі таңда адамдарды қарақұрттың шағу жағдайлары Шымкент қаласында және Атырау облысында тіркелген, шағып алған адамдар тиісті медициналық көмек алды. Жергілікті атқарушы органдар профилактикалық дезинсекцияны ұйымдастыру және жүргізу жөнінде шаралар қабылдауда. Айта кетейік, қарақұрт – әлемдегі ең қауіпті деп саналатын өрмекші. Қарақұрттың уы – токсальбумин. Ол нейротоксикалық, лимфа жүйесі арқылы тез таралады. Бұл шылдыр жыланның уынан 15 есе қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын есте сақтауға шақырамыз.