БАЛА ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ

Еліміздің ертеңі бүгінгі ұрпақ екені айдан анық. Сол себепті жас буынды білім мен ғылымға баулумен қатар, жақсы тәлім-тәрбие беруіміз керек. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас…» деп танымды тәмсіл қалдырған.

Ұстаз – ағартушы. Оған қарап оқушы бой түзейді. Сондықтан педагог, ең алдымен, өзін-өзі түзеуі керек. Яғни білімі жетік, пайымы терең, мінезі көркем мұғалім ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізе алады. Ол әр баланың қабілетін оятып, оны дамытады. Сондай-ақ адами болмыс пен таным-түсінік қасиеттерін бойларына сіңіріп, үлкен өмірге бейімдейді.
Өздеріңізге мәлім, бүгінде ақпараттық кеңістік құлашын кең жайып, қарыштап дамып отыр. Бұл жайт заманауи көзқарас түсінігінде өркениетті қоғам болып көрінгенімен, кейбір тұрғыда баланың қалыптасуына кері әсерін тигізуде. Жас жеткіншек ғаламтордың шырмауына түсіп, көптеген әлеуметтік желі арқылы бой түзеп жүр. Осы мезетте «балалардың болашағы үшін тәрбие құралы ретінде нені пайдалануымыз керек?» деген сұрақ алдымыздан шығып, ол үлкен мәселеге айналды. Дана халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық өнегесі бізге әрдайым түпқазық бола алады. Яғни дәстүрлі тәрбиемізді қазіргі тіршілік мазмұнымен сабақтастырып, баланың бойына ізгілік дәнін егуіміз керек. Даналық ой, пайым-парасат жақсылыққа жетелейді. Осы ұғым, біз білетін мызғымас ұлттық қағида тура жолды меңзейді.
Сонымен қатар баланың болашағын қалыптастыруда бұқаралық спорттың да маңызы зор. Спорт салауатты ұрпақ өсірумен қатар, баланың ой-өрісін дамытады. Оған қоса, оқушының бос уақыты мазмұнды өтуіне септігін тигізеді.
Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деген екен. Бұдан шығатын қорытынды – ұрпақтың келешегі үшін алаңдап, оның тәрбиесіне аса мұқият болғанымыз жөн.

Ақтоты НИЯЗОВА,
«Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернат» КММ математика пәнінің мұғалімі