ТУРИЗМНЕН ТҮСЕР ТАБЫС КӨП

ал көрсеткіштер қандай?

Бүгінде әлемде туризмнен қыруар табыс тауып отырған мемлекеттер бар. Осы орайда, елімізде де шеттен келетін саяхатшыларға қолайлы жағдай жасап, саланы дамытуға басымдық беріліп келеді. Бізде туристерді өзіне тартатын тарихи һәм табиғи орындар жеткілікті. Мұны тиімді пайдалана алдық па? Өткен жылы елімізге қанша турист келді? Олардың орта есеппен елімізге қалдырған қаржысы қанша? Жуырда Туризм және спорт министрлігі дәл осы сауалдарға жауап берді.

Министрліктің мәліметі бойынша, былтыр Қазақстанға ең көп турист Өзбекстаннан келген. Жалпы саны – 3,6 млн адам. Одан кейінгі орында 2 млн адаммен Ресей, 1,6 млн адаммен Қырғызстан және 700 мың адаммен Тәжікстан елдері тұр. Бұл ғана емес, кей мемлекеттерден келетін қонақтар санында күрт өсім байқалып отыр. Мәселен, Қытайдан 2022 жылы 17,7 мың турист келсе, былтыр көрсеткіш 20 есеге артып, 367,4 мыңға жеткен. Сол секілді Үндістаннан келетін қонақтар 3 есеге көбейіп, 78 мыңды құраған. Ал Оңтүстік Кореядан 2022 жылы 15,8 мың турист келсе, 2023 жылғы турист саны 36,6 мыңға жетіп жығылған. Сонымен қатар Германия мен Біріккен Араб Әмірлігінен келетін саяхатшылар санында да 50 пайыздық өсім бар.
Мұны ішінара барқатар болсақ, елге келген әр турист орта есеппен 1500 АҚШ долларын қалдырған. Яғни ел ішіндегі саяхат үшін осыншама қаржы жұмсаған. Әрине, бұл туризмі дамыған алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда ауқымды көрсеткіш емес. Қош делік, туризмнен ұтарымыз көп. Әйткенмен ел ішіндегі инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласының түйткілдері барын да жасыра алмасымыз анық. Мұның өзі шеттен шаршап келген туриске теріс әсер қалдыруы мүмкін. Десе де шенділер мәселенің шешілетінін айтып келеді. Ең қызығы, бұл желеудің айтылып келе жатқанына жылдар болды. Нәтижені қашан көреміз? Анығын уақыт көрсетеді…

Ж.БАЛАУСА.