ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР НЫСАН МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Соңғы уақытта Шымкент қаласында жекенің меншігіне заңсыз берілген нысандарды мемлекетке қайтару бойынша қыруар іс атқарылып жатыр. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында бірқатар нысандарды қайтару бойынша жүргізіліп жатқан және жүзеге асқан жұмыстарды тарқата баяндаған едік. Енді жуырда қалалық әкімдік тағы бір нысанның мемлекет меншігіне өткенін хабарлады.
Бұған дейін қаладағы маңызды спорт нысандарының бірі Мұз сарайы мемлекет меншігіне өтсе, тағы бір нысан Кең баба саябағы ішінара мемлекетке қайтарылған болатын. Енді жуырда мемлекетке қайтуы тиіс нысандардың қатарына «Қиял әлемі» саябағы да қосылды. Өткенге көз жүгіртсек, 2009 жылдың маусымында Республика даңғылы №9 мекенжайындағы 4,8 га аса жер учаскесі Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде «Айгерим» ЖШС-на жеңіл конструкциялардан балалар ойын сауық орталығын орнату үшін уақытша пайдалану құқығымен 49 жыл мерзімге берілген. Жер учаскесін жалға алу келісімшарты түзіліп, сәйкестендіру актілері рәсімделген.
Осы орайда, Шымкент қаласының жер ресурстары департаменті аталған жер учаскелерінің заңсыз берілуіне байланысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қалалық жер қатынастары бөлімі мен «Айгерим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында түзілген жер учаскесін жалға беру туралы 2011 жылғы 18 наурыздағы №002/392 үлгілік шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдаған. Нәтижесінде соттың биылғы 10 мамырдағы шешіміне сәйкес, талап-арыз қанағаттандырылған. Яғни аталған бөлім мен «Айгерим» ЖШС арасында түзілген жер учаскесін жалға беру турады шарт жарамсыз ден танылған. Үстіміздегі жылдың 31 шілдесінде Шымкент қалалық соты «Айгерим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түсірген аппеляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Сот қаулысы түпкілікті дайын болған соң әкімдік тарапынан мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында «Жер кодексінің» 164-1 бабына сәйкес, заңсыз салынған құрылыстарды өз есебінен бұзу арқылы жер учаскесін бастапқы қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап-арыз сотқа жолданбақ.
Қош делік, жекеге берілу тарихы күмәнді нысанның тағы біреуі осылайша мемлекеттің меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатыны айқын…
С.НҰРАЙ.