«VISIT SHYMKENT» ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ ДҮҢГІРШЕГІ АШЫЛДЫ

Туризм – елдің қазынасына қыруар қаржы әкелетін салалардың бірі. Сәйкесінше, әлемде аталған сала арқылы ауқымды пайда тауып отырған мемлекеттер жетерлік. Соңғы жылдары елімізде де туризмді дамытуға айрықша көңіл бөліне бастады. Оның ішінде жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Бұл ғана емес, өңір-өңірде туристік әлеуетті дамыту бойынша жұмыс жоспарлары бекітілді. Осының негізінде тың бастамалар жүзеге асырылып келе жатыр.

Жасыратыны жоқ, Шымкент қаласы аумағында туристерді өзіне тартатын бірқатар нысандар баршылық. Соңғы жылдар ішінде үшінші мегаполиске келетін саяхатшылар мен қонақтар саны да артқан. Бұл тиісті сала басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі десек, артық айтқанымыз емес. Шеттен келетін қонақтарға қаланың туристік әлеуеті мен айрықша нысандарын таныта түсу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Мәселен, тікелей ұшақпен киелі Түркістанға келетін туристерге Шымкент қаласының туристік объектілерін жарнамалау мақсатында Түркістан қаласының әуежайында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық дүңгіршегі ашылды. Аталған дүңгіршек таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істеп, қаламыздың мәдени, гастрономиялы, эко, экстремалды және өзге де бағыттарының турмаршруттарын туристерге ұсынады. Сонымен қатар Шымкент қаласының киелі орны Сайрам тұрғын алабындағы Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш анаға және басқа да әулиелерге зиярат жасауға шақырып, шырайлы Шымқаламызға жетудің ыңғайлы жолдарын айтып, көмектеседі. Ендігі кезекте дәл осындай дүңгіршекті Самарқанд қаласында ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласына 20 950 шетелдік турист келді. Бұл көрсеткіш — еліміздегі үшінші мегаполиске халықаралық туристік аренада сұраныстың артып келе жатқанының айқын дәлелі. Шымкентке ең көп туристер – Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Қытайдан келген. Атап айтқанда, биылғы алты айда Шымкентке Өзбекстаннан – 9 235, Ресей Федерациясынан – 3 286, ал Қытайдан 2360 турист саяхаттаған. Өңірде туристер санының артуымен қатар, біржолғы төсек-орындар саны да ұлғайып келеді. 2023 жылы төсек-орын саны 6058-ге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 542 орынға көп.