БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛІП ОТЫР

Бұқаралық спортты дамыту – еліміз мақсат етіп отырған басты мақсаттардың бірі. Сондықтан өңірлерде аталған салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар аз емес. Мәселен, Шымкент қаласында соңғы жылдар ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын балалар және спорт алаңшаларымен қамту ісі қарқын алды. Бұл ғана емес, шаһарға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерде де спортпен айналысуға қажетті инфрақұрылыс жаңарып, толығып келеді.

Бұл ғана емес, бүгінде үшінші мегаполисте спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша Нұрсәт шағынауданындағы саябаққа 830 метрден асатын жаңа жүгіру жолы төселді. Арнайы резеңке жабын белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз болып келеді. Жоба халықтың қолжетімді және заманауи спорт инфрақұрылымына сұранысы негізінде жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Аудан тұрғындарының саябақта серуендеп қана қоймай, салауатты өмір салтына сай таңертең және кешке жүгіруіне де мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, Президент Жолдауында қамтылған стратегиялық міндеттер мен Шымкент қаласы әкімдігінің бастамалары спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруда қолайлы жағдай жасауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сәйкесінше, аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында да салада атқарылған істерді саралап едік. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуды көздейтін шаралар назарымыздан тыс қалмақ емес.