САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Адамзат өмірі ғылыми-технологиялық прогрестің арқасында жеңілдеп келеді. Бүгінде көптеген қызметтерді үйде отырып-ақ алуға болады. Десе де мұның өзі инфрақұрылым жүйесіне ауқымды салмақ салып келе жатыр. Атап айтар болсақ, сапалы қызметті үйде алу үшін интернет сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде айтылып жатқан сын аз емес. Мәселен, алып қалаларға жапсарлас жатқан елді мекендерде интернет мәселесі жиі көтеріледі. Ол қатарда Шымкент қаласы да бар.
Дегенмен бұл ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ дегенді білдірмейді. Қазіргі уақытта қаладан шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен елді мекендерді оптикалық желі арқылы интернетпен қамту бойынша Цифрландыру басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 51 елді мекенге талшықты оптикалық желі тартылып, 210 мың тұрғынға интернет қолжетімді етілді. Бүгінде «Fishnet» компаниясы тарапынан Самал 2 және Наурыз шағынаудандарындағы 46 көшеге кең жолақты интернет желісі жүргізіліп, 1000 тұрғын үйге интернетке қосылуға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар «АлмаТВ» компаниясы Самал 2 шағын ауданданындағы 18 көшеге кең жолақты интернет желісін жүргізіп, 500 тұрғын үйге техникалық мүмкіншілік жасады. Одан бөлек, «Ilinknet» компаниясы Асар 2 шағын ауданының 31 көшесін кең жолақты интернет желісімен қамтып, 1500 тұрғын үйге интернет желісін қолжетімді етті.
Айта кету керек, өткен 2023 жылы 20 елді мекенге оптикалық желіні тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумға қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жылдары аралығында тұрғын алаптардың тізімі және мерзімдері анықталды. Бұл бастама Шымкент қаласының цифрлық инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарға сапалы интернет қызметтерін ұсынуға бағытталған. Қала басшылығы мен инвесторлар қаланың цифрландыру жұмыстарын жалғастыра отырып, тұрғындарға заманауи және қолжетімді интернет қызметін ұсынуға ұмтылуда.