БАҒАНЫ ТІЗГІНДЕУ МҮМКІН БОЛМАЙ ТҰР

қазақстандықтар азық-түлікке қанша ақша жұмсайды?

Елімізде банкке берешегі бар азаматтардың саны артып келеді. Оның ішінде несиені төлеу мерзімін кешіктіргендердің қарасы қалың. Әрине, айлығы шайлығына жетпейтіндер несиеге кіріптар болады. Қала берді, қымбатшылық та қоғамның екі бүйірінен қысып бара жатыр. Шенділер кейбір тауар түрлерінің арзандағанын айтып ақталғанымен, жалпы нарықтағы жағдай жақсы деуге келмейтін тәрізді. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында еліміздегі орта статистикалық қазақстандық азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға шамамен 131,3 мың теңге жұмсаған. Бұл былтырғы деректермен салыстырғанда 6,7 пайызға көп. Finprom.kz дерегіне сүйенсек, былтыр алғашқы тоқсанда қазақстандықтар азық-түлік пен сусынға орташа есеппен жан басына шаққанда 123,1 мың теңге жұмсаған. Осылайша жылдық өсім 21,1 пайыз болып шыға келген. Ал соңғы 5 жылдағы деректерге ойыссақ, 2019 жылы біз сөз еткен тауарларға жұмсалатын шығын шамамен 72,3 мың теңге болған екен. Бұл – биылғы көрсеткіштен 44,9 пайызға кем. Ал жалпы биылдың алғашқы тоқсанында тауарлар мен қызметтер бағасы жылдық есеппен 9,3 пайызға, азық-түлік тауарлары 7,5 пайызға, тамақ пен алкогольсіз сусындар 7,2 пайызға қымбаттаған. Аймақтар көрсеткішіне келетін болсақ, тамақ пен сусынға ең көп ақша жұмсайтын Алматы қаласы болып шықты. Онда бірінші тоқсанда жан басына шаққанда 181,5 мың теңге тамаққа жұмсалған. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,7 пайызға көп. Республикадағы орташа мәнмен салыстырғанда алматылықтар тамаққа 38,2 пайыз көп ақша кетірген. Екінші орынға 152,1 мың теңгемен Шығыс Қазақстан, үшінші орынға 146,7 мың теңгемен Маңғыстау облыстары жайғасқан. Ал өсім 4,1-6,7 пайыз аралығында екенін айта кетейік. Қызылорда тамаққа ең аз ақша жұмсайтын өңірлердің көшін бастап тұр. Ондағы әр тұрғын шамамен 104,6 мыңге жұмсайтын көрінеді. Одан кейінгі орындарға 106,4 мың теңгемен Ақтөбе, 110,4 мың теңгемен Түркістан облыстары жайғасқан.
Қош делік, азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын қаржы күллі Қазақстанда өсіп келе ме әлде кеміп жатыр ма? Осыған тоқталайық. Ашық деректердің көрсетуінше, еліміздегі 20 өңірдің ішінде тек Ақтөбе мен Алматы облыстарында ғана тамаққа кеткен шығын былтырғы жылмен салыстырғанда азайған. Ақтөбеде бұл көрсеткіш 5,1 пайызға төмендесе, Алматы облысында 4,3 пайызға кеміген. Қарап отырсақ, сарыпталатын шығын көлемі ауқымды көрінеді. Сондықтан оны да ішінара тарқатуды құп көрдік. Мәселен, қазақстандықтар азық-түлік пен сусындарға кеткен ақшаның үштен бірін ет пен ет өнімдеріне жұмсаған. Бұл – шамамен жан басына шаққанда 43,3 мың теңге. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға көп. Сонымен қатар жалпы шығынның 8,6 пайызына немесе 20,5 мың теңгеге нан мен жарма өнімдерін, 7,7 пайызына яки 14,5 мың теңгеге сүт өнімдерін сатып алған. Бұдан бөлек, 11,6 мың теңгені жеміс-жидекке, 8,9 мың теңгені көкөніске жұмсаған. Қант, кондитерлік өнімдер мен тәттілерге 8,7 мың теңге, майға 6,7 мың теңге, балық пен теңіз өнімдеріне 5,9 мың теңге, алкогольсіз сусындарға 5,8 мың теңге, жұмыртқаға 3,3 мың теңге жұмсалатынын да айта кеткеніміз жөн.
Жоғарыда аталған деректерді сараласақ, азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға кететін шығын жыл сайын өсіп келе жатыр. Елімізде банкке берешегі бар ағайынның көп екенін ескерсек, мұның жақсы құбылыс емесін айқын айңғарамыз. Дегенмен Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан шаралар да жемісін беріп жатқан сыңайлы. Өйткені біз сөз еткен шығынның өсімі былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайған…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.