МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ «ЛУДОМАНИЯ: ҚОҒАМҒА ТӨНГЕН ҚАТЕР» ТАҚЫРЫБЫНДА ОЙ ӨРБІТТІ

Бүгінгі жастардың талғамы кең, танымы бөлек. Бәсекеге қабілетті болуы үшін барын салып, бәрін үйреніп жатқан өскелең ұрпақ бар. Сәйкесінше, елінің ертеңін ойлаған мемлекетте мұндай жастардың потенциалын дұрыс жаққа бағыттап, оның жемісін көруге жағдай жасалады. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарында жастар орталықтары белсенді жұмыс істейді. Саяси партиялардың жанынан да жастар қозғалыстары құрылған. Міне, осындай топтар соңғы кездері өскелең ұрпақтың жан-жақты, бәсекеге қабілетті, саяси һәм құқықтық, қаржылық сауаты жоғары болып қалыптасуына ықпал етіп келеді.

Бұл ғана емес, соңғы кездері жастар орталықтары қоғамда кеңінен тарап келе жатқан лудомания, нашақорлық, қаржы пирамидалары, ащы суға әуестік, темекіге тәуелділік сынды өзекті түйткілдердің түйінін ағыту бағытында бірқатар тың бастамаларды көтеріп, сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда Жастар ресурстық орталығының бастамасымен түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Ақпараттық-насихат тобының құрамына мектеп педагогтері, психологтар, дін саласының қызметкерлері, құқық қорғау саласының мамандары кірді. Ондаған мектеп пен орта арнаулы оқу орындарын қамтыған шараларда өзекті мәселелер турасында кеңінен ақпараттар берілді. Жастар арасында тарап келе жатқан әлеуметтік кеселдер мен олардан сақтану жолдары турасында арнайы үнпарақтар таратылды. Бұл ғана емес, жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары мен орта арнаулы оқу орындарының, жоғары оқу орындарының студенттерін теріс әрекеттен алшақ қылу мақсатында һәм бос уақытты тиімді ұйымдастыру үшін бірнеше спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Оған жүздеген жас қатысты. Бір ерекшелігі, дәл осы шараларда біз жоғарыда сөз еткен лудомания, нашақорлық, қаржы пирамидалары, ащы суға әуестік, темекіге тәуелділік сияқты тақырыптар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жат қылықтың алдын алу шаралары түсіндірілді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қоғамның алдында лудомания немесе құмар ойындарымен күрес сияқты ауқымды міндет тұр. Өйткені бұл ойын түрі психологиялық тұрғыда тәуелділікке ұрындыратын кесел саналады. Сондықтан болар, әлемдік деңгейде аурулардың қатарына қосылғанына біраз болды. Елімізде аталған түйткілмен күресу мақсатында заң жобасы қаралып, жуырда бекітілгені белгілі. Дегенмен заңмен шегелегенмен, шешілмейтіні тағы бар. Сондықтан ақпараттық-насихат шаралары бір сәтке де бәсеңсімеуі керек. Осы орайда, жуырда Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен республикалық «Zhas Camp. Jastar Academy II» лагерінің ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов пен Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев қатысып, іс-шараны ашып берді. Жастардың ынтымақтастығы мен бірлігін арттыру, танымдық қызығушылығын ояту арқылы білім деңгейін көтеру және интеллектуалды ортаны қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға еліміздің 20 облысынан келген 300-ге жуық жас қатысып жатыр.
Алдымен барлық өңірдегі Жастар орталығының басшылары мен мамандары «TOP’ 23-24» мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясындағы өңірлік үздік жобаларын таныстырды. Қатысушылар 6 топқа бөлініп, спорттық сайыстарда өзара мықтыны анықтады. Осылайша салауатты өмір салтын ұстанып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосуда. Сонымен қатар белсенді жастары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қасқасу өзенінің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Күн соңында ҚР Мәжіліс депутаты Руслан Берденов кешкі алау басында жастармен кездесіп, «Лудомания: қоғамға төнген қатер» тақырыбында ой өрбітті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы елімізде 440 мыңнан астам азамат лудомания дертіне шалдыққан. Өткен жылғы деректер бойынша, Қазақстанда ажырасқан әрбір 10 отбасының жетеуінің жанжалдасуына лудомания себеп болған екен. Кездесуде жастар пікір алмасып, құмар ойынға тәуелділіктің негізгі себептері, адам өміріне тигізер қатерімен қоса алдын-алу мен оны жою жолдарын талқылады. Құмар ойынға тәуелділіктің белгілерін, ерекшеліктерін, жағымсыз жақтарын егжей-тегжейлі қамтитын мазмұнды әңгімелер өрбіді. Кездесу соңында жастар айтылған ақпараттан алған әсерлерімен бөлісіп, өздеріне қандай қорытынды жасағандарын айтып, осы тақырып бойынша қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды. Лагерьге қатысушылар жастар саясатын жүзеге асыру және жастардың әлемді құру мен дамыту рөлін және олардың жолында тұрған күнделікті проблемалар туралы да пікір алмасты. Шара әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасты.
Жалпы лудомания немесе құмар ойынға деген тәуелділік – ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселесі. Бүгінде бұл түйткілмен әлем болып күресіп келеді. Біздің елді былай қойғанда, жалпы жаһанда құмар ойындардан шамамен 350 миллионнан аса адам зардап шегіп отыр. Сарапшылар осындай дерек таратуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлем халқының 3 пайызы лудоманияның шырмауына түскен. Ал елімізге ойыссақ, 36 мыңнан астам адам аталған психологиялық дертке шалдыққан. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда құмар ойынның кесірінен 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Отбасының ойран болып, ажырасуға алып келетін негізгі факторлардың бірі де – лудомания. Себебі, еліміздегі ажырасқан әрбір үшінші отбасы құмар ойынның салдарынан болып отыр. Ең сорақысы қазақстандықтар соңғы үш жылда XXI ғасырдың дертіне айналған дүние үшін триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Лудомания – сөзін тікелей аударғанда «ақылы ауысқанша ойнау» деген мағынаны білдіреді. Кейде мұны «құмар ойынға потологиялық тәуелділік» деп те атайды. Адамның психологиялық жағдайын айқындауға арналған медицинада қолданылатын термин. Аталған дертке шалдыққан адам өз-өзін басқара алмайды. Қолындағы соңғы ақшасына дейін ойынға тігіп жіберуге дайын тұрады. Салдарынан адам тек қаржылық қиындықтар ғана емес, психологиялық проблемаларға душар болады. Ал, осы лудоманияға душар еткізетін дүние – букмекерлік кеңселер мен құмар ойын. Сондықтан да бұл мәселенің алдын алу шараларының елімізде қарқынды жүруі аса маңызды.
Осы орайда, биыл Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Заңға халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген. Атап айтқанда, құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады. Әрине, мұндай заң нормалары елімізде ушығып отырған түйткілдің түйінін толықтай ағытады дегенге сену қиын. Әйткенмен ахуалдың жақсы жаққа қарай өзгеруіне ықпал етері анық.
Жалпы Түркістан өңірінде биыл бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайтын шаралардың өтуі жиіледі. Мұндай белсенді өмір сүру салтын насихаттайтын бастамаларға өңіріміздің ондаған, тіпті, жүздеген жастары атсалысып, шаралардың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болып отыр. Мәселен, бұдан біраз уақыт бұрын этнос жастары бас қосып, спорттың бірнеше түрі бойынша бақ сынап, кім мықтыны анықтаған болатын. Бұл ғана емес, бірнеше ауданда Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен түрлі шаралар да өткізіліп келеді. Мұның баршасы бос уақытты тиімді ұйымдастыра білу жолдарын насихаттап, жастарға бұқаралық спорттың қаншалықты маңызды екенін ұқтыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. Бұл ғана емес, біз сөз еткен әрбір жиында психологтар, құқық қорғау саласының мамандары арнайы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатыр.
Айта кету керек, біз сөз еткен жиын барысында сөз алып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген ҚР Мәжіліс депутаты Руслан Берденов бұған дейін лудоманияның өзекті мәселе екенін бір емес бірнеше рет жазған болатын. Нақтырағы «Жылдам байытуға азғыру, ең алдымен, аз қамтылған адамдар мен жастарды тартады. Осы проблема қайғылы жағдайға айналып отыр. Бұл жастардың тағдырын бұзады, салдарынан олардың отбасылары зардап шегеді. Нәтижесі де белгілі. Қылмысқа алып келеді. Мәселен, Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Соның 20 пайызы яғни 31 мыңнан астамы құмар ойындарға қатысты. Қытай Халық Республикасында құмар ойындарға ресми түрде тыйым салынған. Онлайн-казино ойыншылары түрме жазасына кесіледі. Бұдан басқа, қатаң цензура бар және құмар ойындармен байланысты барлық интернет-сайттар бұғатталған.Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылардан салық аударымдары 109 миллиард теңгені құрады.Бұл ретте бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңге. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 миллиард теңге» деген болатын Мәжілісмен.